GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Екіжақты ынтымақтастық
Консулдық мәселелер
Байланыс ақпарат
Бас Консулдық туралы
Все материалы
16 октября 2026
«OQ Startup» үздік жобалар байқауы туралы

«Отандастар» қоры шет мемлекеттердің азаматтары болып табылатын 15-30 жас аралығындағы этникалық қазақтарды «OQ Startup» байқауына қатысуға шақырады.

Байқауға ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық әрі әлеуметтік бағыттардағы жобалар қабылданады.

Қатысу үшін ұзақтығы 2 минуттан аспайтын көлденеңінен түсірілген MP3 немесе MOV форматындағы бейнеролик немесе көлемі 10 слайдтан аспайтын PPTX немесе PDF форматындағы презентацияұсыну қажет. Жұмыстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.

Бейнеролик немесе презентацияда жобаның негізгі мазмұны, өзектілігі, мақсаты, кімдерге бағытталғаны, іске асыру жолдары және күтілетін нәтижелері қысқаша әрі түсінікті түрде көрсетілуі тиіс.

Жұмыстарды 2026 жылғы 30 қазанға дейін Oqbaiqau@gmail.com электрондық поштасына жіберу қажет.

Толық ақпарат «Отандастар» қорының ресми сайтында: https://oq.gov.kz/news/1564 

16 октября 2026
Қазақстандық делегация Еуропа Кеңесінің Киберқылмыс туралы конвенциясы Комитетінің 35-ші Пленарлық отырысына және Октопус конференциясына қатысты

Страсбург, 2026 жылғы 12-16 қазан – ҚР Ішкі істер вице-министрі Айдар Сайтбековтың басшылығымен қазақстандық делегация Еуропа Кеңесінің Киберқылмыс туралы конвенциясы Комитетінің 35-ші Пленарлық отырысына, сондай-ақ Октопус конференциясына қатысты.

Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде А.Сайтбеков Қазақстанның Еуропа Кеңесінің Компьютерлік ақпарат саласындағы қылмыс туралы конвенциясына (Киберқылмыс туралы Будапешт конвенциясы) қосылғаны туралы баяндады.

Аталған шартқа қосылу бірыңғай құқықтық кеңістікте әрекет етуге, электрондық дәлелдемелермен жедел алмасуға және трансұлттық қылмысқа бірлесіп тойтарыс беруге мүмкіндік береді.

Киберқылмыс туралы Будапешт конвенциясы цифрлық ортада жедел өзара іс-қимылдың және құқық қолданудың тиімділігінің берік негізін қалыптастырады.

Сапар аясында қазақстандық делегация басшысы мен Еуропа Кеңесінің Бас хатшысының орынбасары Таня Гонггрейп арасында екіжақты кездесу өтті.

Кездесу барысында киберқылмыс саласындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде бірлескен тренингтер өткізу және жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Пленарлық отырыстың кулуарында ұлттық делегациялардың (АҚШ, Грузия, Әзербайжан, Эстония, Норвегия, Армения) өкілдерімен, сондай-ақ GOOGLE, CYBOX, «Кодекс-платформа» және басқа да халықаралық компаниялармен екіжақты кездесулер өтті.

16 октября 2026
Қазақстанның Киберқылмыс туралы Будапешт конвенциясына қосылуына арналған ресми рәсім Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде өтті

Страсбург, 2026 жылы 15 қазан – Еуропа Кеңесінде Қазақстанның Киберқылмыс туралы конвенцияға (Будапешт конвенциясы) қосылуына арналған ресми рәсім өтті.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары А.Сайтбеков Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы А.Берсеге Қазақстан Республикасының Киберқылмыс туралы конвенцияға (Будапешт конвенциясы) қосылуы туралы құжаттарды табыс етті.

Конвенцияны ратификациялау туралы тиісті заңға Мемлекет басшысы осы жылғы 12 қазанда қол қойды.

Будапешт конвенциясы киберқылмыспен күресуде қатысушы елдермен ынтымақтастықтың құқықтық негізін белгілейді, жедел ынтымақтастықты жеңілдетеді және цифрлық салада тиімді құқық қорғауды қамтамасыз етеді, сонымен қатар киберқылмыспен күрестің тиімділігін арттырады.

21 сентября 2026
Қазақстан француздық брендтің ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін іске қосу мүмкіндігін қарастыруда

Саверн, Монсвиллер, 2026 жылғы 18 қыркүйек – Қазақстан өкілдері Францияға жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін әлемдегі жетекші компаниялардың бірі – KUHN компаниясының өндірістік алаңдарына барды.

Делегация құрамына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «АгромашХолдинг KZ» АҚ Президенті Динара Шүкіжанова, сондай-ақ Eurasia Group AG компаниясынан Сергей Глокке (KUHN компаниясының ҚР серіктесі) кірді.

Сапар барысында делегация мүшелері кәсіпорынның өндірістік процестерімен, технологиялық шешімдерімен және кәсіпорын жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты. Сонымен қатар, ынтымақтастықтың перспективалары мен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар, Қазақстанда KUHN ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін жергіліктендіру, технологиялық өзара іс-қимылды және өндірістік құзыреттерді одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Аталған сапар 2026 жылғы сәуірде ҚР Премьер-Министрі О.Бектеновтің ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін жетекші әлемдік компаниялармен кездесуі аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болды. Сол кезеңде «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Eurasia Group AG» ЖШС және KUHN Group арасында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және Қазақстанда KUHN техникасының өндірісін жергіліктендіру мәселелерін пысықтауды көздейтін келісімге қол қойылған болатын.

Саверн мен Монсвиллерде өткен жұмыс кездесулер тараптарға қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі алдағы практикалық қадамдарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы машина жасау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

 

Францияның Үлкен Шығыс өңірінде орналасқан KUHN Group компаниясы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Бүгінде KUHN компаниясының үш құрлықта орналасқан 11 зауыты бар және ол ауыл шаруашылығы техникасын әлемнің 110-нан астам еліне жеткізуде.

17 сентября 2026
Астана GFCI жаһандық рейтингінде 8 сатыға көтеріліп, өңірдегі көшбасшылығын сақтап қалды

Global Financial Centres Index рейтингінің 40-шы шығарылымында Қазақстан астанасы әлемнің 117 қаржы орталығы арасында 57-орынға ие болды. Астананың рейтингтік көрсеткіші 18 ұпайға – 684-тен 702 ұпайға дейін өсті.

Астана халықаралық қаржы орталықтарының Global Financial Centres Index 40 (GFCI 40) рейтингіндегі орнын жақсартып, бірден сегіз сатыға 65-орыннан 57-орынға көтерілді. Қала үш жылдан астам уақыт бойы иеленіп келе жатқан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылығын сақтап қалды.

Өңірлік рейтингте Астанадан кейін әлемдік рейтингте 72-орын алған Кипр және 78-орынға жайғасқан Варшава орналасты. Астана мен ең жақын өңірлік бәсекелес арасындағы алшақтық 15 сатыны құрады.

Астананың көрсеткіші Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы қаржы орталықтарының орташа рейтингтік бағасы 1,09%-ға төмендеген тұста өсті. Бұл ретте индекс құрастырушылары өңірдің жетекші қаржы орталықтары өз позицияларын нығайтуды жалғастырғанын атап өтті.

Астана сондай-ақ зерттеуге қатысушылардың пікірінше, алдағы екі-үш жылда әлемдік қаржы жүйесінде маңызы арта түсетін қаржы орталықтарының алғашқы ондығына енді. Қазақстан астанасы респонденттер тарапынан 45 рет аталып, тиісті тізімде тоғызыншы орынға ие болды.

Қаржы технологияларын дамыту бойынша жеке рейтингте Астана төрт сатыға 55-орыннан 51-орынға көтерілді.

«Астананың бірден сегіз сатыға көтерілуі және өңірдегі көшбасшылығын сақтап қалуы – халықаралық қаржы қоғамдастығының АХҚО-ға және Қазақстанға деген сенімінің артып келе жатқанын көрсететін маңызды белгі. Біз үшін рейтингтегі орын түпкі мақсат емес, бұл жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан жұмысымыздың тәуелсіз бағасы: біз құқықтық және реттеушілік ортаны жетілдіріп, капитал нарықтары мен қаржы технологияларын дамытып, халықаралық байланыстарды кеңейтіп келеміз. Біздің мақсатымыз – бұл ілгерілеудің Астананың әлемдік қаржы орталықтары арасындағы орнымен ғана емес, ең алдымен жаңа инвестициялармен, халықаралық компаниялармен және қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктермен өлшенуі», – деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров.

GFCI 40 аясында 139 қаржы орталығы зерттеліп, олардың 117-сі негізгі индекске енді. Рейтинг Дүниежүзілік банк, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымын қоса алғанда, халықаралық ұйымдар ұсынған 144 сандық көрсеткіш, сондай-ақ қаржы секторының 6 147 маманы берген 39 531 бағалау негізінде жасалды.

Зерттеу респонденттері қаржы орталықтары алдағы бес жылда баса назар аударуы қажет басым бағыттарды да айқындады. Олардың қатарында бұлтты технологияларды, деректерді беруді және киберорнықтылықты қамтитын цифрлық инфрақұрылымды дамыту; финтех-компаниялар мен цифрлық активтер саласындағы бизнесті тарту; ақшаны жылыстатуға және қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жүйелерін нығайту; капитал нарықтарын одан әрі тереңдету бар.

Жаһандық рейтингтегі бірінші орнын Нью-Йорк сақтап қалды. Одан кейін Лондон, Гонконг және Сингапур орналасты. Алғашқы ондыққа Шанхай, Токио, Сеул, Шэньчжэнь, Дубай және Цюрих те енді.

GFCI рейтингі жылына екі рет жарияланады және қаржы орталықтарының бәсекеге қабілеттілігін бағалайтын негізгі халықаралық бағдарлардың бірі саналады. Зерттеуді Ұлыбританияның Z/Yen Group талдау орталығы China Development Institute (CDI) ұйымымен бірлесіп шығарады. Индексті жасау кезінде бизнес орта, қаржы секторының дамуы, инфрақұрылым, адами капитал және қаржы орталықтарының беделі бағаланады.

Астана GFCI рейтингіне алғаш рет 2018 жылғы наурызда енді, ал 2023 жылғы наурызда Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атанды. Қаланың позициясын нығайтуға құқықтық және реттеушілік ортаны, қаржы инфрақұрылымын, капитал және цифрлық активтер нарықтарын дамытып, халықаралық және өңірлік инвесторлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп келе жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы елеулі үлес қосуда.

АХҚО бизнеске қаржы құралдары мен халықаралық нарықтарға қол жеткізу мүмкіндігін, дауларды шешудің тәуелсіз жүйесін, халықаралық стандарттарға негізделген реттеуді және қаржы технологияларын дамытуға қажетті жағдайларды ұсынады. Орталық Астананың инвестиция тартуға, капитал қозғалысына және трансшекаралық жобаларды іске асыруға арналған өңірлік алаң ретіндегі рөлін нығайтуды жалғастыруда.

 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

14 сентября 2026
Штрутхофтағы құрмет: қазақстандық дипломаттар нацизм құрбандарына арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды

Натсвиллер, 2026 жылғы 13 қыркүйек – Қазақстанның Страсбургтағы Бас консулдығы Эльзас өңіріндегі Нацвайлер-Штрутхоф мемориал аумағында өткен аттас концлагерь құрбандарын еске алуға арналған халықаралық рәсімге қатысты.

Францияның Ардагерлер және соғыс құрбандары істері жөніндегі ұлттық басқармасы ұйымдастырған нацистік режим құрбандары мен өткен кезеңдегі қайғылы оқиғаларды еске алуға арналған іс-шараға жергілікті билік өкілдері, депортацияланғандардың отбасыларына көмек көрсетумен айналысатын ұйымдар мен бірлестіктердің мүшелері, сондай-ақ Францияның Үлкен Шығыс өңіріндегі дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Нацвайлер лагерінің құрбандары мен тұтқындарының тағдыры туралы тарихи жадты сақтау ісіне құрмет пен ниеттестіктің белгісі ретінде Страсбургтағы  қазақстандық миссия атынан сол кезеңдегі нацистік қылмыстардың қасіретін қоғам жадында сақтауға үндейтін ескерткіштің алдына гүл шоқтары қойылды.

Іс-шара аясында Мемориал әкімшілігімен өткен әңгімелесулер барысында ҚР дипломаттары тарихи жадты сақтаудың және жауынгерлердің, соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Франция аумағында соғысқан, қаза тапқан қазақстандықтардың ерлігін мәңгі есте сақтаудың ерекше маңызын атап өтті.

Соғыс жылдарында Францияны азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың жерленген орындарын іздестіру мәселелері бойынша өзара әрекеттесу мақсатында сарапшылық деңгейде тығыз байланыстар орнату үшін француз әріптестеріне қазақстандық зерттеушілерден алынған, Қазақ КСР-інен болуы мүмкін тұлғалардың тізімдері берілді.

 

Нацвайлер-Штрутхоф (Natzweiler-Struthof) концентрациялық лагері 1941 жылғы мамырда нацистік Германия тарапынан аннексияланған Эльзас аумағында құрылды. Лагерь арқылы елуден астам ұлт өкілдерінен құралған шамамен 52 000 тұтқын өткен, олардың 22 000-ға жуығы қаза тапқан.

Бүгінде бұрынғы лагерь Франциядағы нацистік қылмыстар туралы тарихи жадты сақтайтын аса маңызды орындардың бірі болып табылады. Оның аумағында сол кезеңдегі нацистік режимге қарсы тұрған депортацияланған Қарсыласу қозғалысы мүшелеріне арналған Еуропалық орталық қалыптасқан.

03 сентября 2026
3 ҚЫРКҮЙЕК – ҚАЗАҚ ТАЗЫСЫ КҮНІ

3 қыркүйекте Қазақстанда Қазақ тазысы күні алғаш рет аталып өтеді. Бұл дата 2024 жылы қазақ тазысының Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тарапынан алдын ала танылған күніне орай белгіленді.

2024 жылғы 3 қыркүйекте Амстердамда FCI қазақ тазысын алдын ала тану туралы шешім қабылдады. Тұқымға №372 халықаралық стандарт бекітіліп, Қазақстан оның шыққан елі ретінде танылды.

Қазақ тазысы ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып, дәстүрлі аңшылықта пайдаланылған. Ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жұмыстары соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде қолға алынды.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жөнінде міндет қойды. 2023 жылы осы бағыттағы заңнамалық негіз қалыптастырылды.

«Тазыны бүгінгі күнге жеткізген – оны ұрпақтан ұрпаққа сақтап келген аңшылардың, селекционерлердің, кинологтардың, ит иелері мен жанашыр азаматтардың еңбегі. Халықаралық деңгейде танылу – үлкен нәтиже. Бірақ біздің жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Ең бастысы – тазының тұқымдық ерекшеліктерін, генетикалық қорын, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу», – деді Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Бүгінде Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымдық кітабында төрт мыңға жуық тазы тіркелген. Өңірлерде иттердің шығу тегі туралы мәліметтерді жинау, асыл тұқымдық есеп жүргізу және тұқымдық қасиеттерін сақтау жұмыстары жалғасуда.

Қазақ тазысын халықаралық деңгейде таныту жұмыстары да жалғасып келеді. 2025 жылы Хельсинкиде өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде тұқымның ресми таныстырылымы өтті. 2026 жылғы маусымда Болоньядағы World Dog Show көрмесіне Қазақстаннан 12 тазы қатысты.

Сонымен қатар Жетісу облысында Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығының ғимараты салынып жатыр. Құрылыс демеушілердің қолдауымен, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен жүргізілуде.

Орталықта таза тұқымды иттерді ұстау және өсіру, олардың шығу тегін тіркеу, Бірыңғай тұқым-тегі кітабын жүргізу, сондай-ақ кинология саласындағы мамандарды даярлау көзделген. Мұнда сынақтар, көрмелер, байқаулар мен жарыстар да ұйымдастырылады.

Биыл 20 ақпанда Үкімет қаулысымен Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі 2026–2036 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Құжат алдағы он жылда осы бағыттағы жұмыстарды мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен жалғастыруды көздейді.

Қазақ тазысының FCI тарапынан алдын ала танылуы – жұмыстың соңғы кезеңі емес. Алда тұқымның тұрақтылығын бірнеше буын бойы бақылау, генетикалық алуандығын, денсаулығын және өзіне тән табиғи қасиеттерін сақтау міндеті тұр.

3 қыркүйек – қазақ тазысының халықаралық деңгейде танылғанын айғақтайтын ғана емес, ұлттық тұқымды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізудің маңызын еске салатын күн.

31 августа 2026
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған үндеуі

Құрметті отандастар!

 

Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.

Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.

Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.

Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.

Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.

Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.

Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

03 августа 2026
Әлемдік кино жұлдыздарының қатысуымен Comic Con Astana 2026 фестивалі өтеді

Елордада 6-9 тамыз аралығында бесінші рет Comic Con Astana фестивалі өтеді. Ауқымды іс-шарада кино, сериал, комикс, бейнеойын, аниме және заманауи поп-мәдениет жанкүйерлері бір алаңда бас қосады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

2026 жылы Comic Con Astana былтырғыдай бірден екі алаңда өтеді. Фестивальдің басты сахнасы мен хедлайнерлермен кездесулер Barys Arena кешенінде өтеді.

Ал «Алау» мұз сарайы тақырыптық аймақтар, компаниялар мен серіктестердің стендтері, ойын алаңдары, түрлі таныстырылымдар, интерактивті бағдарламалар және қонақтарға арналған ойын-сауық аймақтары орналасатын ауқымды көрме кеңістігіне айналады.

Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы хедлайнері ретінде «Тақтар ойыны» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлі арқылы әлемге танылған даниялық актер Николай Костер-Вальдау жарияланды. Оның фильмографиясында «Қара сұңқардың құлауы», «Аспан патшалығы», «Обливион», «Мысыр тәңірлері», «Мама», «Бос кеңістікке оқ», сондай-ақ «Оның маған айтқан соңғы сөзі» және «Патша мен жаулаушы» сериалдары бар.

Comic Con Astana қонақтарының қатарында тағы бір әлемге танымал актер – Иньяки Годой болады. Ол Netflix платформасындағы ең сәтті жобалардың бірі саналатын One Piece сериалында басты кейіпкер Манки Д. Луффиді сомдап, ең жас актерлерінің біріне айналды. Бұдан бөлек, ол «Жетілмегендер», «Сараны кім өлтірді?» секілді сериалдар арқылы да көрерменге жақсы таныс.

Фестиваль аясында Иньяки Годой басты сахнада жанкүйерлермен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап береді, сондай-ақ қолтаңба тарату мен фотосессияларға қатысады.

Халықаралық кино жұлдыздарымен қатар Comic Con Astana 2026 фестиваліне танымал блогерлер, контент авторлары мен әлемдік косплей индустриясының өкілдері де қатысады.

Фестивальдің арнайы қонақтары:
Kamui Cosplay – Германиядан келген, жоғары сапалы косплей костюмдерін жасаумен танылған әлемге әйгілі шығармашылық дуэт;
SuperCrastan (Даня Крастер) – ғылыми-көпшілік контент пен ерекше инженерлік жобаларымен танымал орыстілді YouTube-блогер;
Jane Kravitz – жұмбақ оқиғалар, зерттеулер және деректі бейнеэсселерге арналған YouTube арнасының авторы;
Karrambaby – сән, саяхат және күнделікті өмір туралы контент жариялайтын танымал ресейлік видеоблогер;
Dobryak – миллиондаған қаралым жинаған анимациялық роликтердің авторы, орыстілді YouTube кеңістігіндегі ең танымал аниматорлардың бірі;
Dalbek – фильмдер, мультфильмдер мен анимацияға арналған шолуларымен танымал қазақстандық блогер.

Comic Con Astana фестивалінің дәстүрлі бөлігі – халықаралық косплей байқауы. Жыл сайын түрлі елдердің үздік қатысушылары бас қосатын байқаудың биылғы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Бұл оны өңірдегі ең ірі косплей турнирлерінің біріне айналдырып отыр.


Өткен жылдары Comic Con Astana Орталық Азиядағы ең ірі заманауи поп-мәдениет фестивалі ретінде танылды. Әр жылдары оның хедлайнерлері қатарында Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов болды.

31 июля 2026
Қазақстан Республикасының Құрылтай сайлауы туралы

Құрметті отандастар!

2026 жылғы 23 тамызда Париж қаласының уақыты бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Елшілігі жанындағы №410 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына сайлау өтеді.
 
Франциядағы Қазақстан Елшілігі жанындағы №410 учаскесінде 18 жасқа толған және француз қалаларында тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары дауыс беру құқығына ие.
 
№410 сайлау учаскесінің дауыс берушілер тізіміне енгізілу үшін өз деректеріңізді (Т.А.Ә., ЖСН, туған күні және тұрғылықты мекенжайы) Елшіліктің консулдық бөліміне strasbour@mfa.kz электрондық поштасы арқылы жолдау қажет.
 
Сайлау күні дауыс беру үшін өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасының жарамды паспорты немесе жеке куәлігі болуы тиіс.
 
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда +33 3 88 69 75 13 телефоны арқылы хабарласуға болады.
 
Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігінің мекенжайы: 59 rue Pierre Charron, 75008 Paris.
Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары