
Страсбург, 2025 жылғы 22-24 қаңтар – Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев жұмыс сапарымен Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде болды. Сапар барысында А.Ластаев Еуропа Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Бьорн Берге, Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты төрағасының орынбасары Ивана Желич, Адам құқықтары жөніндегі директор Клэр Овей және Венеция комиссиясы хатшылығының директоры Симона Граната-Менгинимен кездесулер өткізді.
Бұдан бөлек, А.Ластаев Еуропа Кеңесінің өкілдері, сарапшылар және дипломатиялық корпус мүшелерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелге қатысты.
Қазақстандық делегациямен кездесуде Бас хатшының орынбасары Б.Берге Қазақстанның Еуропа Кеңесінің «маңызды серіктесі» ретіндегі рөлін атап өтіп, екіжақты және өңірлік жобаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы пікір білдірді.
Сонымен қатар, Б.Берге Қазақстандағы Омбудсмен институтының ұлттық құқық қорғау тетіктері жүйесіндегі маңыздылығын атап, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл офисін қолдауға дайын екенін жеткізді.
Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотта өткен кездесудің басты тақырыбы Қазақстан Омбудсмені офисінің қызметі, оның мандаты мен азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері, сондай-ақ Еуропалық сотқа шағымдарды қабылдау критерийлері болды.
Тараптар азаматтардың халықаралық сот органдарына жүгіну мәселелеріне ерекше назар аударды. Еуропалық сот өкілдері шағымдарды қабылдаудың негізгі талаптарын түсіндіріп, Еуропалық сотқа жүгінбес бұрын ұлттық құқықтық құралдарды толық пайдалану қажеттігін ерекше атап өтті.
Адам құқықтары басқармасының директоры К.Овеймен келіссөздер барысында тараптар Адам құқықтары жөніндегі уәкіл офисінің қызметін талқылады. Еуропалық сарапшылар екіжақты жобаларды жүзеге асыруда Омбудсмен офисімен ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін білдірді.
Венециялық комиссия өкілдері Омбудсмен офисімен практикалық ынтымақтастықты жолға қоюға деген ұмтылысын жеткізіп, өздерінің сараптамалық тәжірибелері мен басқа елдердің Омбудсмендерімен жұмыс істеу әлеуеті туралы ақпарат берді.
Осы тұрғыда Венециялық комиссия Омбудсмен офисінің тәуелсіздігі мен тиімділігін қолдау мақсатында тікелей ынтымақтастық орнатуға және кез келген сараптамалық және кеңес беру көмегін көрсетуге дайын екендігін атап өтті.