ҚазМұнайГаз Инжиниринг компаниясының Франция университеттерімен ынтымақтастық перспективалары

ҚазМұнайГаз Инжиниринг компаниясының Франция университеттерімен ынтымақтастық перспективалары

Париж, Нанси, Страсбург, 2024 жылдың 9-11 қазан – ҚазМұнайГаз Инжиниринг (ҚМГИ) Басқарма Төрағасы Рахим Утеев Францияға жұмыс сапары барысында француз жоғары оқу орындарының (IFP School, IFP Training, Université de Lorraine, Université de Strasbourg) басшылығы және профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесулер өткізді. Бұл кездесулер қазақстандық мамандарды оқыту аясында академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Өткен келіссөздер барысында қазақстандық кадрларды геология және мұнай-газ саласында даярлау мәселелері, сондай-ақ осы саладағы озық тәжірибелерді қолдану туралы ақпарат алмасу талқыланды.

Р.Утеев француз тарапына ҚМГ бағдарламалары аясында қазақстандық мамандарды оқыту, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларды жүзеге асыру, ғылым докторларын дайындау және тиісті оқу тағылымдамаларын ұйымдастыру мүмкіндіктерін ұсынды.

Өз кезегінде, француз жоғары оқу орындарының серіктестері қазақстандық әріптестермен аталған бағыттар бойынша байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

Аталған француз оқу орындары инженер-геологтарды, геофизиктерді, кен орындарын игеру және пайдалану инженерлерін, құрылыс, жобалау, жер асты суларын зерттеу, қоршаған орта, энергетика, геотермалдық және цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлауда үлкен тәжірибеге ие екенін ата кеткен жөн, бұл қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруда өте маңызды.

Мұнай және газ саласындағы техникалық бағыттардан басқа, энергетикалық ауысу жобалары, “ақ” сутегін іздеу және өндіру, геотермалдық энергия көздері, су ресурстарын басқару және т.б. бағыттар талқыланды.

Бірлескен дамудың мүмкін бағыттарын талқылағаннан кейін, тараптар нақты қадамдарды қарастырып, академиялық және техникалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара тілек білдірді.