Мемлекет басшысының Жолдауы Страсбургта таныстырылды

Мемлекет басшысының Жолдауы Страсбургта таныстырылды

Страсбург, 2024 жылғы 27 қыркүйек – Қазақстанның Бас консулдығы Еуропалық парламентшілер қауымдастығының алаңында Президент Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауына арналған брифинг ұйымдастырды.

Өз сөзінің басында ҚР Бас консулы Анель Бақытбекқызы Мемлекет басшысының алдыңғы күні айтқан бастамалары бұған дейінгі Жолдаулар мен сайлауалды платформасында баяндалған реформалар бағытын дамытатынын атап өтті. Сондай-ақ, Парламент қоғамдық бақылау, ғылым, білім беру, инвестициялар, әлеуметтік мәселелер және балаларды қорғау бойынша 102 заң қабылдағанын мәлімдеді.

Брифингке қатысушыларды Жолдаудың негізгі басымдықтарымен таныстыра отырып, А.Бақытбекқызы халықтың әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыру, тұрақты экономикалық ілгерілеу, Әділетті Қазақстан қағидаттары негізінде азаматтардың әлеуетін ашу бойынша негізгі бағыттарға кеңінен тоқталды. Бұл бағыттар жалпы алғанда 100-ге жуық әртүрлі бастамалар, ұсыныстар мен тапсырмаларды қамтиды.

Сонымен қатар, Еуропа Кеңесі, дипломатиялық корпус, жергілікті әкімшілік, қоғамдық-бизнес өкілдері мен Страсбургта тұратын отандастар алдында сөз сөйлеген Бас консул Мемлекет басшысының инвестициялық климатты жақсарту, салық жүйесін қайта жүктеу, ШОБ қолдау шараларын оңтайландыру, АӨК қолжетімді несиелендіру, әділетті және тиімді тарифтік саясат, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, білікті кадрларды даярлау, цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту сияқты маңызды басымдықтары туралы айтып берді.

Бас консул Қазақстан Республикасында «еститін мемлекет» қағидаты қолданылатынын атап өтіп, маңызды шешімдер халықпен талқыланатынына назар аударды. Осы тұрғыда Қазақстанда АЭС құрылысы мәселесінің жалпыұлттық референдумға шығарылуы осы қағидаттың айқын үлгісі болып табылады. Осылайша, брифинг барысында Франция аумағындағы отандастар Париждегі сайлау учаскесінде дауыс беруге шақырылды.

Сонымен бірге, қонақтарға ұсынылған презентацияда Президенттің халыққа жолдауының маңызды элементтерін, соның ішінде 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау, «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру және т.б. мәселелер қамтылды.

Кездесу соңында қатысушылар арасында пікір алмасу өтіп, олар іске асырылып жатқан реформалардың өзектілігін, Жолдаудың прагматикалық және нақтылығын атап өтті. Жолдаудың толық мәтіні арнайы дайындалған француз тіліндегі кітапша түрінде аудиторияға ұсынылды.