
Валлеруа, 2024 жылғы 6 мамыр – Жеңіс күнінің кезекті мерейтойы қарсаңында Қазақстанның Страсбургтағы Бас консулы Анель Бақытбекқызы Валлеруа коммунасына (Мёрт және Мозель департаменті) барып, Ұлы Отан соғысы кезінде Францияда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Кеңес өкіметінің жауынгерлері мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне коммуна мэрі Кристиан Ламорлат, мемориал басшылығы, сондай-ақ Францияның бостандығы үшін күресте қазақстандық жауынгерлердің ерлігінің маңыздылығын атап өткен белсенді тұрғындар қатысты.
Салтанатты шарадағы әңгіме барысында ҚР Бас консулы мемориалдық кешеннің тарихи маңыздылығын атап өтіп, жергілікті әкімшілік пен тұрғындарға жауынгерлерді еске алу орнына құрметпен қарағаны үшін алғысын білдірді. Мемориал аумағында Қазақстаннан әкелініп, 2021 жылы қазақ жауынгерлерінің бейіттерінің жанына отырғызылған Бейбітшілік алма ағашы бар екенін атап еткен жөн.
Әңгімелесушілерге соғыс жылдары туралы айта келе, қазақстандық дипломат Қызыл Армия қатарына 1,2 миллион қазақстандық шақырылғанын, олардың 600 мыңнан астамы соғыс майданында қаза тауып, елге оралмағанын атап өтті. Соғыс жылдарында Қазақстан майданның қуатты арсеналына айналғаны атап өтілді, себебі Республика экономикасы әскери қажеттіліктерге бағытталған. «Әскерді қамтамасыз етуде қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесі маңызды рөл атқарды, өйткені 10 оқтың 9-ы қазақ қорғасынынан құйылды», - деп атап өтті А.Бақытбекқызы.
Кездесу соңында екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне тоқталған тараптар алдағы 2025 жылы Жеңістің 80-жылдығына орай салтанатты іс-шараларды өткізу мүмкіндігінің маңыздылығын атап өтті.
1971 жылы салынған Кеңес жауынгерлеріне арналған мемориал аумағында және Валлерой коммунасының зиратында қазақ жауынгерлері Зейнолла Әлімғазиев, Қоныспек Жақиянов, Мысахан (Нишан) Тұрғамбаев және Исин (Есен) Жұмағұлов жерленген, олар 2018 жылы профессор Г.Меңдіқұлованың еңбегінің арқасында ҚР Франциядағы Елшілігінің қолдауымен табылған. Кейінірек қазақ жауынгерлері – Шығыс Қазақстан облысынан Николай Михайлович Щеглов пен Солтүстік Қазақстан облысынан Александр Иванович Кособковтың жерленгендері анықталды.