Страсбургта Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси бастамаларына арналған дөңгелек үстел өтті

Страсбургта Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси бастамаларына арналған дөңгелек үстел өтті

Страсбург, 2023 ж. 2 қазан

Страсбург университетінің Саяси зерттеулер институтының халықаралық қатынастар факультетінде “Sciences Po Strasbourg” ҚР Страсбургтағы Бас консулы Әнуарбек Ахметов студенттер, аспиранттар, болашақ дипломаттар және сарапшылар алдында Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сыртқы саясат және Қазақстанның халықаралық бастамалары туралы сөз сөйледі.

Аудитория көпшілігі саяси реформалардың жүзеге асырылу барысы, Президенттің Жолдауында белгіленген жаңа экономикалық бағыт, оның Орталық Азиядағы өңірлік бастамалары мен БҰҰ Бас Ассамблеясында айтылған жаһандық ұсыныстары туралы хабардар болды.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанның ШЫҰ және АӨСШК төрағалығының басымдықтарымен, Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының алдағы отырысымен де таныстырылды.

Институттың Дипломатиялық қауымдастығы президенті Анджело Мари Қазақстанның сыртқы саясатын, оның жетекші өңірлік рөлін, халықаралық ұйымдардағы қызметін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер бойынша еліміздің ұстанымдары жайлы егжей-тегжейлі баяндағаны үшін өз алғысын білдірді.

«Қазақстанның жаһандық трендтердің күштері мен векторлары арасында сәтті теңгерім жасау, өз мүдделерін қорғау және жеңілдіктер алу қабілеті үлкен қызығушылық тудырады және мұқият зерттеуді қажет етеді. Біз Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын қалай тиімді жүзеге асырып жатқанын көріп отырмыз және сіздің еліңіздің тәжірибесі жайлы көбірек білгіміз келеді», - деп атап өтті А.Мари.

Дәрістің қорытынды бөлімі диалог форматында өтті. ҚР Бас консулы тыңдаушылар мен сарапшылардың сыртқы және ішкі саясаты, Қазақстан мен Францияның Үлкен Шығыс аймағы арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, сондай-ақ өзінің дипломатиялық қызметтегі жиырма бес жылдық тәжірибесі туралы сұрақтарына жауап берді.

Жалпылай, болашақ дипломаттар мен халықаралық қатынастар саласындағы сарапшылар Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатына шынайы қызығушылық танытып, геосаяси сын-қатерлер мен шындықтар, әлемдік саясаттағы жалпы үрдістер туралы салиқалы сұрақтар қойып, сондай-ақ еліміз бен халқымызға бейбітшілік пен гүлдену тіледі.

 

“Sciences Po Strasbourg” – өз студенттеріне жоғары пәнаралық оқытуды ұсынатын Франциядағы беделді саясаттану институты. Мектеп түлектері – мемлекеттік қызметшілер, саясаткерлер, дипломаттар, әскерилер мен кәсіпкерлер, депутаттар мен олардың көмекшілері. Сонымен қатар, Институт әлемдегі жағдай мен халықаралық қатынастарға аналитикалық зерттеулер жүргізеді.