Халықтар арасындағы бейбітшілік, достық пен келісім үшін спортпен шұғылдану

Халықтар арасындағы бейбітшілік, достық пен келісім үшін спортпен шұғылдану

СТРАСБУРГ, 24 сәуір 2022 ж.– «Еуропа астанасы» Страсбург қаласында «Қазақстан мен Эльзас бейбітшілік, достық және келісімді қолдайды» атты бірінші қазақ-француз велошеруі мен қазақ мәдениетінің таныстырылымы өтті.

Орталықсыздандырылған серіктестікті дамыту аясында Эльзастың Еуропалық қоғамдастығының және аймақтық велоспорт комитетінің қолдауымен Қазақстанның Бас консулдығы ұйымдастырған іс-шараларға Еуропа Кеңесінің академиялық топтарының өкілдері мен Страсбург жұртшылығы, сондай-ақ осы қалада оқитын қазақстандық студенттер қатысты.

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев өзінің алғы сөзінде бұл акцияларды Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізудің символдық мәні бар екендігін атап өтті. «130-ға жуық этнос пен 40-қа жуық діни конфессиялардың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, біртұтас ұлт болып қалыптасып отырған біздің еліміздің татулық пен тұрақтылықты нығайтуда бірегей тәжірибесі бар», - деп ол бұл тұрғыдағы «қазақстандықтар мен эльзастықтардың мәдени кодтарының ұқсастықтарын» атап өтті. Сондай-ақ дипломат кездесу барысында қатысушыларды «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалармен таныстырды. Қыркүйек айында, өзін халықаралық бітімгершілік алаңы ретінде танытқан Қазақстанның астанасында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Эльзастың Еуропалық қоғамдастығының өңірлік кеңес депутаты, кеңесші Паскаль Пфайфер жолдастық кездесудің өткізілу орны Франция мен Германияны байланыстыратын Рейн өзенінің жағасындағы саябақта болуы символдық екенін атап өтті.

Велотуризм комитетінің төрағасы Дэнис Вирлинг: « Біз бүгін Эльзас пен Қазақстан арасындағы достықты, сондай-ақ спорттық ынтымақтастықты нығайтатын алғашқы велошеруді өткізуге қуаныштымыз. Біздің Комитет мүшелері веложарысқа арнайы қосылды және біз үшін бұл үлкен құрмет » - деп айтып кетті.

Жолдастық кездесу православиелік қазақстандықтардың осы Пасха жексенбісіндегі мереке аясында дайындалған қазақ халқының ұлттық тағамдары мен Пасха куличтің дәмін татумен аяқталды.