Құрметті студенттер!
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі (МӘМС) жеңілдік мәртебеңізді өзектендіру қажеттілігі туралы хабарлаймыз.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер МӘМС бойынша жарналары мемлекет есебінен төленетін тұлғалар санатына жатады. Аталған мәртебені растау және МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық қызметтерді алу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі арқылы тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу қажет (egov.kz электрондық үкімет порталында шетелдік университетте оқитын студент ретінде). Бұл ретте білім алушының оқу орнынан берілген, оның оқу фактісін растайтын анықтаманы ұсыну талап етіледі.
Студенттерге аталған мәртебені растау рәсімінен оқу кезеңінің басында (оның ішінде бірінші курс барысында) өту ұсынылады. Бұл Қазақстан Республикасына келген кезде студенттің сақтандырылған тұлға мәртебесінің қолданыста болуын және МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық қызметтерді алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Францияның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер өз мәртебелерін уақтылы өзектендіру және МӘМС бойынша жарналарға қатысты ықтимал берешектің туындауына жол бермеу мақсатында қажетті шараларды қабылдауды сұраймыз.