Меню

Страницы

Статья

Қазақстанның бейбіт бастамалары туралы фактілер

1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан бейбітшілікке бағытталған және теңгерімді сыртқы саясатты берік ұстанып келеді. Ел БҰҰ Жарғысына сәйкес көпжақты ынтымақтастыққа бейілді және халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде белсенді рөл атқарады. Бұл ұстаным ядролық қаруды таратпау, қақтығыстарды шешуге арналған бейтарап келіссөздер алаңын ұсыну, халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық, гуманитарлық көмек көрсету және бейбітшілікті қолдау операцияларына үлес қосу сияқты бастамалармен нығайтылған.

1. Ядролық қаруды таратпау

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап ядролық қаруды таратпаудың белсенді жақтаушысы болып табылады, бұл келесі маңызды бастамалармен расталады:

  • Ядролық арсеналдан бас тарту: 1990 жылдардың басында Қазақстан өз еркімен ядролық арсеналдан (1410 ядролық оқтұмсық – сол кезеңдегі әлемдегі төртінші ірі арсенал) бас тартып, оны жойып, оқтұмсықтар мен ядролық материалдарды халықаралық бақылау арқылы Ресейге беріп, жеткізу жүйелерін демонтаждады.
  • Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы (1991): Тәуелсіз Қазақстанның ең ерте және маңызды қадамдарының бірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу болды, бұл әлемдегі ең ірі ядролық полигондардың бірі болатын. Бұл шешім елдің ядролық қатерлерді жоюға деген ұстанымын көрсетті.
  • Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт (ОАЯҚААШ): 2006 жылы Қазақстан көрші елдермен бірлесіп ОАЯҚААШ-ты құрды. Кейіннен бұл келісімге Орталық Азияның барлық бес мемлекеті қол қойып, 2009 жылы 21 наурызда күшіне енді.
  • Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні (2009): БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан ұсынған 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп жариялау туралы қарарды бірауыздан қабылдады (1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойылды).
  • Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпы декларация: Қазақстан ұсынған декларацияны 2015 жылы желтоқсан айында БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдады.

АЭХА-нің төмен байытылған уран банкінің Өскеменде орналасуы Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы сенімді және жауапты серіктес ретінде халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалғанының дәлелі болып табылады.

2. Қазақстан қақтығыстарды шешуге арналған бейтарап алаң ұсынады
Қазақстан өзінің геостратегиялық орналасуын, бейбітшілікке бағытталған және теңгерімді сыртқы саясатын пайдалана отырып, өңірлік және халықаралық қақтығыстарды шешуге бейтарап келіссөздер алаңын ұсынып, жан-жақты қолдау көрсетеді.

Негізгі қызмет бағыттары:

  • Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердегі Қазақстанның рөлі (2013): Қазақстан 2013 жылы Иран мен 5+1 тобы (БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі және Германия) арасында Иранның ядролық бағдарламасы мәселесін шешуге бағытталған екі келіссөз раундын өткізу үшін бейтарап алаң ұсынды. Алматыда өткен кездесулер диалогтың ілгерілеуіне ықпал етіп, 2015 жылы Бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарының қабылдануына жол ашты.
  • Сирия бойынша Астана процесі (2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін): Қазақстан Сирия үкіметі, елдің оппозициялық күштері, сондай-ақ Ресей, Түркия және Иран қатысқан Сирияаралық келіссөздерді Астанада өткізуге мүмкіндік берді.
  • Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келіссөздер (2024): 2024 жылдың мамыр айында Қазақстан Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келіссөздер үшін алаң ұсынды. Бұл келіссөздер екі тарапты бейбіт келісімге жақындату мақсатында өтті. 2024 жылдың қыркүйегінде Әзербайжан Қазақстанның Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келіссөздерді жалғастыру ұсынысын қабылдады.

3. Халықаралық ұйымдардағы белсенді қызмет
Қазақстан әлемнің барлық елдерімен өзара құрмет пен өзара тиімді қарым-қатынас орнатып келеді. Астана Орталық Азия елдерімен көпжақты ынтымақтастықты нығайту стратегиясын ұстанып, өңірдегі тұрақтылықты қолдау мақсатында аймақтық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына үлес қосуды жалғастыруға ниетті. Қазақстан мынадай қағидатты ұстанады: «Табысты Орталық Азия – табысты Қазақстан».
Қазақстан әртүрлі салалардағы бейбітшілік, қауіпсіздік және ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында өңірлік және халықаралық ұйымдар құру бойынша бірқатар бастамалар ұсынды.

Негізгі бастамалар:

  • Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК).1992 жылы Қазақстан негізін қалаған көпжақты форум Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және ынтымақтастықты диалог пен сенім шараларын нығайту арқылы қолдайды. АӨСШК-нің 28 мүше мемлекеті өңірдегі тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқарады.
  • Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (АҚИҰ).Қазақстан 2013 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше елдердегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу үшін АҚИҰ құру бастамасын көтерді. АҚИҰ ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік дағдарыстарын еңсеру бойынша күш-жігерді үйлестіруге және ислам елдері арасындағы тәжірибе алмасуға ықпал етеді.
  • Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ).Қазақстан ШЫҰ-ның негізін қалаушы елдердің бірі болып табылады, оның қызметі Еуразиядағы саяси, экономикалық ынтымақтастық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. 2024 жылы Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық етіп, терроризммен күрес, өңірлік тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларды ілгерілетті.
  • 2024 жылы Қазақстан бір уақытта АӨСШК, Түркі мемлекеттер ұйымы, Орталық Азия мемлекеттері консультациялық кеңестері, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы және Аралды құтқару халықаралық қоры ұйымдарына төрағалық етуде.
  • Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі:2003 жылдан бастап Қазақстан әр үш жыл сайын әртүрлі конфессиялар арасындағы диалогты, өзара түсіністікті және бейбітшілікті қолдау мақсатында әлемнің дін көшбасшыларын біріктіретін съез өткізеді. Съез толеранттылық пен ұлттар мен діни қауымдастықтар арасындағы өзара құрметті нығайтуға арналған бірегей алаң болып табылады.

4. Қазақстанның гуманитарлық көмек көрсетуге бейілділігі
Қазақстан халықаралық даму жөніндегі Қазақстан агенттігі (KazAID) арқылы жаһандық гуманитарлық күш-жігерге үлес қосып, дағдарыс жағдайларында дамушы елдерге қолдау көрсетеді.

 Негізгі бағыттар:

  • Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек.Қазақстан Ауғанстан халқына азық-түлікпен қамтамасыз ету, білім беру гранттары мен инфрақұрылымды дамытуға жәрдем көрсету сияқты тұрақты гуманитарлық көмек көрсетіп келеді.
  • Табиғи апаттар кезінде көмек:Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарға қаржылай қолдау көрсету және медициналық көмек көрсету сияқты табиғи апаттарға ұшыраған елдерге төтенше көмек көрсетеді. COVID-19 пандемиясы кезінде Қазақстан Орталық Азиядағы және шекаралас елдерге, сондай-ақ басқа да мұқтаж елдерге дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарын жіберді

5. Жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қолдауға қосқан үлесі
Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі ретінде БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау операцияларына қатысу аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Бүгінгі таңда Қазақстанның 630 әскери қызметкері БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау операцияларына қатысқан, ал қазіргі уақытта 157 қазақстандық бейбітшілік сақтаушылар БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясында қызмет етуде, оның ішінде 139 әскери қызметші ұлттық контингент құрамында, 1 штабтық офицер Батыс Сахарада, Орталық Африка Республикасында, Конго Демократиялық Республикасында және Ливанда қызмет етеді.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің бітімгершілік операциялары орталығы («KAZCENT») БҰҰ миссиялары үшін бітімгершілік сақтаушыларды дайындаумен айналысады. 2019 жылдан бастап «KAZCENT» БҰҰ-мен сертификатталған курстарды өткізіп, БҰҰ-ға мүше елдердің әскери қызметшілерін бейбітшілік миссияларына дайындайды.
«KAZCENT» Африка, Азия және Еуропа елдерінің әскери қызметшілеріне оқу курстарын өткізеді. Тек 2023-2024 жылдары «KAZCENT»-тің БҰҰ сертификатталған курстарынан 74 шетелдік бейбітшілік сақтаушы, оның ішінде Ұлыбритания, Иордания, Канада, Қырғызстан, Нигерия, Ресей, Сауд Арабиясы, Тунис, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Чехия және Жапония өкілдері біліктіліктерін арттырды.

Қазақстанның ядролық қарусыздану, бейтарап келіссөздер алаңын ұсыну, гуманитарлық көмек және жаһандық бейбітшілікті қолдау бағыты елдің әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға деген терең бейілділігін көрсетеді.

Дата публикации
25 сентября 2024
Дата обновления
25 сентября 2024
Тип

Сейчас читают

20 октября 2026
ҚР Конституциясы мен ҚР Конституциялық Соты туралы Конституциялық заңның аудионұсқасы
20 августа 2026
Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл
03 августа 2026
Қазақстандық студенттердің назарына: МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер жайлы

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары