
Қазақстан Республикасының Еуропа Кеңесімен ынтымақтастығы
Қазақстан 1997 жылдан бастап Еуропа Кеңесімен (ЕК) және оның құрылымдарымен ынтымақтасады. Қазақстан ЕК-нің мүшесі болмай отырып, Кеңеске кірмейтін елдер мен халықаралық ұйымдарға мүше мемлекеттермен бірлесіп, олар үшін қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беретін оның ішінара кеңейтілген келісімдеріне қатысуға мүмкіндігі бар.
Қазақстан Еуропа Кеңесінің екі жартылай келісіміне қатысады - Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссия (Венецияндық комиссиясы, 1998 жылдан бастап бақылаушы мәртебесі, 2012 жылдан бастап толық құқылы мүше) және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО, 2020 жылдан бастап толық құқылы мүше).
Қазақстан ЕК-нің төрт конвенциясының қатысушысы болып табылады:
2020 жылғы сәуірде Еуропа Кеңесі Министрлер комитетінің отырысы барысында Қазақстанды "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі" (№210) конвенциясына қосылуға шақыру туралы шешім қабылданды.
Қазақстан 2015 жылдан бастап "Еуропалық прокурорлардың консультативтік кеңесінде" (CCPE), сондай-ақ "Еуропалық судьялардың консультативтік кеңесінде" (CCJE) және 2018 жылдан "Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияда" (CEPEJ) халықаралық байқаушы мәртебесіне ие. Қазақстан Республикасының Еуропа Кеңесімен ынтымақтастығының басым міндеті ретінде қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы бірқатар еуропалық конвенцияларға қосылу белгіленген.
2019 жылғы 26 наурызда Страсбургта Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті Еуропалық Одақ пен Еуропа Кеңесінің "Орталық Азиядағы құқық үстемдігі" өңірлік бағдарламасының бір бөлігі болып табылатын "ҚР-мен тату көршілік ынтымақтастық жөніндегі Еуропа Кеңесінің 2019-2022 жылдарға арналған басымдықтары" атты бағдарламасын бекітті.
Бағдарлама ұлттық заңнаманы жетілдіру және оны еуропалық нормалармен үйлестіру мәселелерінде ҚР мен Еуропа Кеңесінің неғұрлым белсенді өзара іс-қимылына ықпал ететін болады.
Қазақстан Еуропа Кеңесінің халықаралық бастамаларына мүдделі және бейбітшілікке, тұрақтылыққа, қауіпсіздікке, экономикалық даму мен өркендеуге қол жеткізу үшін ажырамас шарттар болып табылатын әмбебап құндылықтар – демократияны, адам құқықтарын және заң үстемдігін қолдайды.
Қазақстан Республикасының
Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясымен ынтымақтастығы
Қазақстан Республикасы мен ЕКПА арасындағы ынтымақтастық 2004 жылы қол қойылған келісім негізінде іске асырылады, оған сәйкес ҚР Парламенті Сенатының делегациялары ЕКПА-ның пленарлық сессияларына қатысады.
ҚР ЕКПА-мен ынтымақтастық туралы келісім парламенттік демократия, заң үстемдігі және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарын ілгерілету мақсатында ҚР Парламенті мен Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы арасындағы саяси диалогты қолдауды қарастырады.
2016 жылғы наурызда ЕКПА ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауына "Еуропа үшін либералдар мен демократтар альянсы" тобының төрағасы Ж.Чукла (Испания) бастаған бес саяси топтан 11 мүшеден тұратын өзінің бақылау миссиясын жіберді. Бақылау қорытындысы бойынша ЕКПА өкілдері оң пікір дайындады, бұл бақылаушылардың халықаралық миссиясының (ЕҚЫҰ ПА, ЕКПА, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) баяндамасын неғұрлым теңгерімді және объективті етуге мүмкіндік берді.
2017 жылғы 24 қарашада Данияда ЕКПА Тұрақты комитетінің көшпелі отырысы өтті, оның күн тәртібіне неміс депутаты А.Фишер дайындаған Қазақстан бойынша баяндаманы және қарарды бекіту туралы мәселе енгізілді. "Еуропа Кеңесінің Қазақстанмен қарым-қатынасы" баяндамасын қарау бойынша пікірталас шеңберінде А.Фишер еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылықтың кепілі ретінде Қазақстанның әлемдік аренадағы маңыздылығын атап өтіп, ЕК-нің ҚР-мен қарым-қатынасын дамыту қажеттігін атап өтті. Баяндамашының айтуынша, "Еуропа Кеңесі демократиялық реформаларды трансформациялау жолында елге көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасымен ынтымақтастықты күшейтуі тиіс".
Отырыс қорытындысы бойынша "Еуропа Кеңесінің Қазақстанмен қарым-қатынасы" 2193 (2017) қарары қабылданды, онда халықаралық аренада Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы және Сириядағы дағдарыс сияқты негізгі халықаралық проблемаларды шешуге қосқан оң үлесі үшін мақтауға лайық екені атап өтілді. Сондай-ақ, ел Орталық Азияның лаңкестік, есірткінің заңсыз айналымы және Ауғанстандағы жағдайға байланысты қауіпсіздік мәселелерін шешудегі жетекші ойыншы болып табылады.
2020 жылғы 28 қыркүйекте ЕКПА-ның өлім жазасын жою мәселесі жөніндегі бас баяндамашысы Т.Корлэцян (Румыния) Қазақстанның өлім жазасын толық жою туралы шешіміне қошемет білдірді. Бұл шешім адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және халықаралық шарттарда баяндалған ЕК құндылықтарына, сондай-ақ "Еуропа Кеңесінің Қазақстанмен қатынастары" 2193 (2017) қарарында жазылған қағидаттарға сәйкес келеді.