GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Екіжақты ынтымақтастық
Елшілік туралы
Консулдық мәселелер
Все материалы
19 октября 2026
Қазақстан мен Болгария көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

София, 2026 жылғы 19 қазанҚазақстанның Елшісі Виктор Темірбаев Болгарияның Көлік және коммуникациялар министрі Георги Пеевпен кездесу өткізді.

Сұхбаттасушылар Софияда өткен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Болгария үкіметаралық комиссиясының 5-отырысы(2025 жылғы 20 мамыр) және Румен Радевтің Болгария Президенті қызметін атқарған кезеңдегі Қазақстанға ресми сапары (2025 жылғы 9 маусым) екіжақты қатынастардың дамуына қосымша серпін бергенін атап өтті.

Әңгіме барысында Қазақстан мен Болгария арасындағы көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен әлеуеті талқыланды. Еуропа, Оңтүстік Кавказ, Орталық Азия және Қытай арасындағы жүк тасымалын қамтамасыз етудегі рөлінің артып келе жатқанын ескере отырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға ерекше назар аударды. Сондай-ақ тараптар халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады.

Екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу және халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері, соның ішінде рұқсат бланкілерімен алмасу квотасын ұлғайту мәселесі жеке қарастырылды.

Өз кезегінде, Г.Пеев Болгарияның Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдар үшін көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндіктері бар екенін атап өтіп, ТХКБ дамыту мақсатында Қазақстанмен өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екенін білдірді. Министрдің бағалауынша, осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту өзара сауданың өсуіне ықпал етеді.

Кездесу соңында тараптар барлық өзекті мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын жалғастыруға уағдаласты.

2025 жылы екі елдің көлік министрліктері арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат шеңберіндегі уағдаластықтар терминалдардың порттық қуаттарын дамыту жобаларын да қамтиды.

Сондай-ақ Болгарияның ең ірі порт операторларының бірі – «BMF Port Burgas» Орта дәліздің қауымдастырылған мүшесі болып табылады.

14 октября 2026
Болгария екі елдің дипломатиялық институттары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

София, 2026 жылғы 14 қазан – Қазақстанның Елшісі Виктор Темірбаев Болгария Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық институттың директоры Таня Михайловамен кездесті.

Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Болгарияның дипломатиялық институттары арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум аясында сыртқы саясат саласындағы кадрларды даярлау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Тәжірибе алмасуға, бірлескен білім беру бастамаларын іске асыруға және екі елдің сыртқы істер ведомстволары арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды.

Осы орайда, Елші В. Темірбаев білім беру бағдарламалары, соның ішінде дипломатиялық кадрларды даярлау бойынша бірлескен іс-шараларды іске асыруды ұсынды.

Өз кезегінде Т. Михайлова болгар тарапының академиялық ұтқырлық жобаларын дамытуға мүдделі екенін растады.

Елші дипломатиялық корпусқа жаңадан келген қызметкерлерге арналған семинарларды ұйымдастырғаны үшін институт басшылығына алғыс айтып, олардың тиімділігін жоғары бағалады.

Кездесу соңында тараптар талқыланған мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.

 

2025 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Болгария Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық институт Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжат дипломатиялық кадрлардың тәжірибе алмасуы және біліктілігін арттыру саласында ынтымақтастық орнатуды көздейді.

13 сентября 2026
Мемлекет басшысы «БРИКС плюс» саммитіне қатысты
   2026 жылғы 13 қыркүйек                                                                                                               
                                                                                                                                                                                                   Үндістан, Нью-Дели қаласы

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде «аутрич»/«БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Жиын «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған.

Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқан және БРИКС саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырған Премьер-министр Нарендра Модиге алғыс айтты.

– Біздің кездесуіміз Үндістанның бірегей бай мәдени мұрасын паш ететін Нью-Дели қаласында өтіп жатыр. Мұның өзі символдық мәнге ие. Бүгінде «Адамзат – бәрінен маңызды» қағидасына негізделген және халықтардың мүддесін көздейтін күн тәртібі аса өзекті. БРИКС аясындағы ынтымақтастықтың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Үндістанның төрағалығы бұл бағытқа айрықша серпін берді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһан жұртының жартысына жуығын құрайтын және әлемдік ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын беретін БРИКС – айтарлықтай мүмкіндікке ие. Сонымен бірге аталған құрылым алауыздықты азайтып, нақты нәтижеге қол жеткізуге де жауапты.

– Дегенмен халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелердің шешімін тауып, жетекші державалар арасындағы сенім деңгейін қалпына келтірмейінше, БРИКС әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес. Бұл үрдіс 2026 жылы жарияланған Жаһандық бейбітшілік индексінде айқын көрініс тапты. Геосаяси қақтығыстар ушығып, милитаризация күшейген, көпжақты институттар әлсіреп, сауда кедергілері көбейген кезеңді сипаттайтын «Жаппай жікке бөліну» деген ұғым пайда болды. Былтыр қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика шамамен 22 триллион доллар зиян шекті. Яғни әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына парапар. Бұл – алаңдатарлық ахуал. Біз аймақтық кикілжіңдердің қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға зардабын тигізе бастағанына куә болып отырмыз. Маңызды теңіз жолдарының үзілуі жаһандық энергетика, азық-түлік және сауда тізбегіндегі осал тұстарды анық көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті трансшекаралық инфрақұрылымға төнген қауіп-қатердің ұлғая түсуін тағы бір күрделі проблема ретінде атады.

– Дәл осы себепті бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық экономикалық және орнықты дамуға қажетті алғышарттар саналады. Алайда бұл экономика шеңберіне де сыймайтын мәселе. Саяси диалог пен дәйекті дипломатия арқылы аймақтағы шиеленісті бәсеңдетіп, ұзақмерзімді тұрақтылық орнатуға басымдық берілуге тиіс. Кеңірек қарайтын болсақ, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының күйреуі және ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктерді, сондай-ақ жаңсақ шешімдер қабылдау қаупін күшейтеді. Сондықтан ядролық, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту мақсатында атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы өте қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, жетекші державалар арасында сенім деңгейінің төмендеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының тиімді әрекет ету мүмкіндіктерін шектейді.

– Алайда БҰҰ-ға балама жоқ. Реформа Ұйымның қақтығыстардың алдын алып, ұжымдық шешімдер қабылдау әлеуетін нығайтуға тиіс. БҰҰ Жарғысы мүлтіксіз сақталуы қажет. Оны әркім өз бетінше қолдануына болмайды. Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде қазіргі әлемнің жағдайы ескеріліп, оның құрамында Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдері болуын қамтамасыз еткен жөн. Дамып келе жатқан орта державалар да жаһандық ауқымдағы шешім қабылдауға салмақты үн қосуы керек. Өйткені олар диалогты өрбітіп, геосаяси қайшылықтар мен келіспеушіліктерді еңсеруге ықпал ете алады. Қазақстан серіктес ел ретінде БРИКС-ті нақты ынтымақтастыққа арналған, БҰҰ-ның көпжақты жүйедегі жетекші рөлін толықтыратын әрі халықтарды, өңірлер мен нарықтарды өзара байланыстыратын ашық алаң ретінде қарастырады. Әрбір күрделі мәселенің шешімін іздеу – біздің бұлжымас ұстанымымыз. Бұл Қазақстанның барлық серіктестермен өзара тиімді ықпалдастыққа ұмтылатын теңгерімді, нақты нәтижеге бағдарланған сыртқы саясатына сай келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанның БРИКС-қа мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтағанын айтты.

– Біз барлық БРИКС мемлекеттерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әртараптандыруға ниеттіміз. Оған өнеркәсіп, транзит және технологиялық әлеуетіміз жетеді. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі төрағасы ретінде БРИКС-пен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді және Үндістанмен еркін сауда туралы келісім жасасуды құптайды. Еліміз негізгі шикізат көздерін жеткізетін сенімді серіктес ретінде дүние жүзіндегі тасымал тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Біздің ойымызша, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу бойынша серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол. Бұл ретте технология мен білім алмасуға және бірлескен инвестицияға айрықша мән берген жөн. Бұдан бөлек, біздің ауқымды инфрақұрылым жобаларды, соның ішінде халықаралық маңызы бар бастамаларды бірлеске іске асыруға әлеуетіміз жетеді. Жаңа даму банкі БРИКС елдеріндегі, сондай-ақ Қазақстандағы коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыра алар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті көлік қатынасын нығайту мүмкіндіктерге жол ашып, ортақ экономикалық өсімге тың серпін береді деп санайды.

– Қазақстан Еуразиядағы басты транзит-логистика орталықтарының бірі ретінде теміржол желілерін, порттар мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқылы трансшекаралық жүк тасымалын анағұрлым тез әрі болжамды қалыпқа түсіргісі келеді. Өткен жылы Қазақстан арқылы 40 миллион тоннаға жуық транзиттік жүк тасымалданды. Ұзақмерзімді жоспар бойынша осы көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолдарымен жеткізілетін жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Азия мен Еуропа арасын Каспий теңізі арқылы жалғайтын стратегиялық нүкте саналады. Бұл маңызды бағдарды «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыру Еуразияның барынша интеграцияланған және орнықты көлік желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда, Үндістан логистика және жеткізу тізбегі салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін БРИКС Негіздемелік бағдарламасын ұсынды. Мен мұны құптаймын. Өйткені ол БРИКС плюс форматындағы нақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экономиканы, қоғамды және күштердің жаһандық теңгерімін өзгерте бастаған жасанды интеллектінің рөліне тоқталды.

– БРИКС қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің технологиялық әлеуетін олардың ауқымымен ұштастырып, инновация, инвестиция және тұрақты экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндігін ұсына алады. Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдыққа ие. Бұл ретте еліміз БРИКС плюс аясындағы тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңейту үшін алдыңғы қатарлы есептеу инфрақұрылымын, сондай-ақ БҰҰ-ның ұлттық және цифрлық орталықтарын жұмылдыруға дайын. Нақты шара ретінде жасанды интеллект саласы бойынша БРИКС плюс серіктестігін іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ұлттық ЖИ орталықтарын біріктіруге, зертханалар мен ғылыми жобаларды қолжетімді етуге, сондай-ақ бірлесіп көптілді шешімдер әзірлеуге болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, орнықтылық технологиялық тұрғыдан алға басумен ғана өлшенбейді.

– Бәріміз үшін зор маңызға ие су ресурстары мәселесін көтергім келеді. Жаһандық деңгейде су ресурстарын басқару ісі шашыраңқы жүргізіліп келеді. Осы орайда, әлем елдерінің күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, мемлекетаралық үйлестіру жұмыстарын нығайту үшін Халықаралық су ұйымын құруды ұсындық. Ол БҰҰ-ның арнаулы құрылымы ретінде қызмет етеді. БРИКС-ке мүше мемлекеттер мен серіктестерімізді осы маңызды жобаны қолдау үшін Қазақстан бастамашы болған халықаралық консультацияларға қосылуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін түйіндей келе, тиімді көпжақты ынтымақтастық болмаса, көпполярлы жүйе жікке бөлінуді одан сайын ушықтырып, адамзатқа қауіп төндіретінін айтты. Оның пікірінше, Қазақстан егемендікке, мүдделердің теңгеріміне және ортақ жауапкершілікке негізделген жасампаз көпполярлы жүйені қолдайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі саммит нақты ынтымақтастық пен бірлескен прогресс арқылы осы көзқарасты ілгерілетуге ықпал етеріне сенім білдірді.

08 сентября 2026
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Шартқа мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ (2026 жылғы 8 қыркүйек)

Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,

адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,

ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,

төмендегіні мәлімдейміз:                                                                                  1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді.                                         2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.

  1. Жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін шұғыл және бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тұрғысында ЯҚТШ-ның 6-бабына сәйкес ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай ілгерілеудің болмауына, сондай-ақ ядролық арсеналдарды жаңғыртуға бағытталған алаңдатарлық үрдіспен ұштасқан қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі келісімдердің қолданылуының тоқтатылуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Бұл ретте ядролық қаруға ие мемлекеттердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жүргізудегі ерекше жауапкершілігін атап өтеміз және ядролық қару-жарақ жарысының алдын алу мақсатында тексеруге болатын қару-жарақты бақылаудың жаңа тетіктерін шұғыл әзірлеуге шақырамыз.
  2. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ЯҚТШ ережелерін іске асыру, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу және Агенттікке мүше мемлекеттердегі ядролық бағдарламаларға кепілдіктер мен бақылауды қолдану жөніндегі қызметін міндетті түрде қолдайтынымызды мәлімдейміз.
  3. 2026 жылғы 24 қыркүйекте қол қою үшін ашылғанына тура отыз жыл толатын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) мүмкіндігінше тезірек күшіне ену қажеттігін нық қолдаймыз. Осыған байланысты ядролық сынақтар өткізуге қарсы халықаралық норманы сақтау және одан әрі нығайту қажеттігін атап өтеміз және осы норманы бұзуы мүмкін кез келген әрекеттерден қалыс қалуға шақырамыз.

Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.

Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.

  1. 2014 жылғы 6 мамырда ядролық қаруға ие мемлекеттердің ОАЯҚАА туралы шартқа Теріс қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі хаттамаға қол қоюын және оның төрт ядролық держава тарапынан ратификациялануын құптаймыз және Америка Құрама Штаттарының Хаттаманы ратификациялау процесін мүмкіндігінше тезірек аяқтайтынына үміт білдіреміз.
  2. Жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында ОАЯҚАА туралы шартты институционалдық дамытуға және ядролық қарудан азат қазіргі аймақтармен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіреміз. Осы тұрғыда Африканың атом энергиясы жөніндегі комиссиясымен (АФКОНЕ) және Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттікпен (ОПАНАЛ) Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуын, сондай-ақ 2024 жылғы 28–29 тамызда Астанада Қазақстанның төрағалығымен ядролық қарудан азат барлық қазіргі аймақтар өкілдерінің екінші кездесуінің өткізілуін оң бағалаймыз.
  3. Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықтың негізгі факторы ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың жоғары маңыздылығын атап өтеміз, сондай-ақ ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте бұдан әрі де тығыз өзара іс-қимыл жасау ниетімізді растаймыз.
  4. Қазіргі уақытта ядролық қарудан азат аймақтар жоқ өңірлерде, соның ішінде Таяу Шығыста осындай жаңа аймақтарды құру жөніндегі күш-жігерді қолдаймыз.
  5. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт» қарарының қабылдануын, сондай-ақ 2024 жылғы 5 желтоқсанда Түрікменстанның төрағалығымен Ашғабат қаласында Шартқа қатысушы мемлекеттердің ядролық қарудан азат басқа да қазіргі аймақтардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мерейтойлық кеңестің өткізілуін құптаймыз.
02 сентября 2026
3 ҚЫРКҮЙЕК – ҚАЗАҚ ТАЗЫСЫ МЕН ТӨБЕТІНІҢ КҮНІ

3 қыркүйекте Қазақстанда Қазақ тазысы мен төбетінің күні алғаш рет аталып өтеді. Бұл күн 2024 жылы қазақ тазысының Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тарапынан алдын ала танылған күніне орай белгіленді.

2024 жылғы 3 қыркүйекте Амстердамда FCI қазақ тазысын алдын ала тану туралы шешім қабылдады. Тұқымға №372 халықаралық стандарт бекітіліп, Қазақстан оның шыққан елі ретінде танылды.

Қазақ тазысы ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып, дәстүрлі аңшылықта пайдаланылған. Ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жұмыстары соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде қолға алынды.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жөнінде міндет қойды. 2023 жылы осы бағыттағы заңнамалық негіз қалыптастырылды.

Тұқым стандартына, шығу тегі туралы куәлікке, мемлекеттік қолдауға, ғылыми зерттеулер мен асыл тұқымдық жұмыстарға қатысты мәселелер айқындалды.

Қазақстан Кинологтар одағының Халықаралық кинологиялық федерацияға кіруі маңызды кезең болды. 2023 ж. 22 тамызда Женевада өткен FCI Бас ассамблеясында қазақстандық ұйым федерацияның толыққанды мүшесі мәртебесін алды. Оның мүшелікке қабылдануын дауыс беруге қатысқан 77 мемлекеттің 72-сі қолдады.

Осыдан кейін Қазақстан ұлттық тұқымды халықаралық деңгейде тану үшін ресми түрде ұсынуға мүмкіндік алды. 2024 ж. наурызда қазақ тазысына қатысты құжаттар топтамасы FCI-ге жіберіліп, федерацияның Стандарттар жөніндегі комиссиясы мен Ғылыми комиссиясында қаралды.

Сол жылдың мамыр айында Астанада арнайы монотұқымдық көрме өтіп, халықаралық сарапшыларға жасы, түсі, шығу тегі мен типі әртүрлі 100 қазақ тазысы таныстырылды. FCI мамандары иттердің дене құрылысын, қозғалысын және тұқымдық типке сәйкестігін бағалады.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2024 ж. 3 қыркүйекте FCI қазақ тазысын алдын ала тану туралы шешім қабылдады.

«Тазыны бүгінгі күнге жеткізген – оны ұрпақтан ұрпаққа сақтап келген аңшылардың, селекционерлердің, кинологтардың, ит иелері мен жанашыр азаматтардың еңбегі. Халықаралық деңгейде танылу – үлкен нәтиже. Бірақ біздің жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Ең бастысы – тазының тұқымдық ерекшеліктерін, генетикалық қорын, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу», – деді Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Бүгінде Қазақстан Кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымдық кітабында төрт мыңға жуық тазы тіркелген. Алайда иттердің нақты саны бұдан да көп: ауылдар мен шалғай аудандардағы тазылардың бір бөлігі әлі орталықтандырылған кинологиялық есепке алынбаған.

Мамандар өңірлердегі жұмыстарын жалғастырып, асыл тұқымдық байқаулар өткізуде, иттердің шығу тегі туралы мәліметтер жинап, есеп жүргізуде. Мұндай жұмыс иттердің шығу тегі мен ұрпағын бақылау, тазының тұқымдық белгілері мен генетикалық әртүрлілігін сақтау үшін қажет.

Қазақ тазысын халықаралық деңгейде таныту жұмыстары да жалғасып келеді. 2025 жылы Хельсинкиде өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде тұқымның ресми таныстырылымы өтті. 2026 жылғы маусымда Болоньядағы World Dog Show көрмесіне Қазақстаннан 12 тазы қатысты.

Сонымен қатар Жетісу облысында Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығының ғимараты салынып жатыр. Құрылыс демеушілердің қолдауымен, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен жүргізілуде.

Орталықта таза тұқымды иттерді ұстау және өсіру, олардың шығу тегін тіркеу, Бірыңғай тұқым-тегі кітабын жүргізу, сондай-ақ кинология саласындағы мамандарды даярлау көзделген. Мұнда сынақтар, көрмелер, байқаулар мен жарыстар да ұйымдастырылады.

2026 жылғы 20 ақпанда Үкімет қаулысымен Қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі 2026–2036 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Оны іске асыруға мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар қатысады. Жоспарда тұқымдарды сақтау және өсімін молайту, асыл тұқымдық есеп жүргізу, мамандар даярлау, сондай-ақ ғылыми және кинологиялық жұмыстарды жалғастыру көзделген.

2026 жылғы 30 сәуірде Мемлекет басшысы Халықаралық кинологиялық федерацияның президенті Тамаш Яккельді қабылдады. Кездесуде ұлттық тұқымды сақтау, тұрақты генетикалық қор қалыптастыру және FCI-мен одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Президент Тамаш Яккельге қазақ тазысын алдын ала тану мәселесіне көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты.

2 мамырда Астанада «Astana Winner – 2026» халықаралық кинологиялық көрмесі аясында «Kazakh Tazy» монотұқымдық көрмесі өтті. Оған FCI өкілдері, қазақстандық және шетелдік кинологтар қатысты.

FCI-дің алдын ала тануы – жұмыстың бір кезеңі ғана. Түпкілікті тануға дейін ұзақ бақылау кезеңінен өтіп, тұқымның бірнеше ұрпақ бойы тұрақтылығын растау қажет. Осы кезеңде асыл тұқымдық есеп жүргізу, иттердің денсаулығын бақылау, қазақ тазысының тұқымдық типін, генетикалық әртүрлілігін, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтау жұмыстары жалғасады.

3 қыркүйек – қазақ тазысының халықаралық деңгейде танылғанын айғақтайтын ғана емес, ұлттық тұқымды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізудің маңызын еске салатын күн.

28 августа 2026
Болгарияда Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 35 жылдығына орай фотокөрме ашылды

София, 2026 жылғы 28 тамыз – Қазақстанның Болгариядағы Елшілігі Болгария Республикасы Халық жиналысы басшылығының қолдауымен Парламент ғимаратында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне және Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 35 жылдығына арналған фотокөрме ұйымдастырды.

Іс-шараға Халық жиналысы 52-шақырылымының депутаттары, соның ішінде Қазақстанмен парламентаралық достық тобының мүшелері, сондай-ақ болгар жұртшылығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев бұл күннің Қазақстан халқы үшін маңыздылығын атап өтіп, еліміздің ядролық қарудан азат әлемді ілгерілету жолындағы халықаралық күш-жігеріне назар аударды. Қазақстанның бастамасы арқасында 29 тамыз БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні мәртебесіне ие болғаны атап өтілді.

Бұған қоса, Елші жалпыұлттық референдумда жаңа Конституцияны қабылданғаннан кейін, 23 тамызда өткен Қазақстанның жаңа жалғыз палаталы Парламенті – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауының ерекше маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Парламенттің жаңа құрамын қалыптастыру Қазақстан мен Болгария арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде достық топтарының өзара сапарларын ұйымдастыруға және екі ел депутаттары арасындағы тікелей диалогты дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Қысқаша сөйлеген сөздерінде Болгария Парламентінің мүшелері Қазақстанның ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайту саласындағы көшбасшылығын жоғары бағалады. Сондай-ақ парламенттік достық тобының қызметі екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Фотокөрмеге қатысушылар Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы «ұлы әрі дана шешімі» туралы әлемдік қауымдастықтың жақсы хабардар екеніне баса назар аударды.

Көрмеде ядролық сынақтар өткен жерлерден алынған бірегей тарихи материалдар: фотосуреттер, Семей полигонының жабылуын растайтын мұрағаттық құжаттар, сондай-ақ «Невада – Семей» антиядролық қозғалысына арналған фотосуреттер ұсынылды.

21 августа 2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай сайлауы қарсаңындағы үндеуі
2026 жылғы 21 тамыз

Құрметті отандастар!

 

Алдағы жексенбі күні елімізде жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтеді. Бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға.

Еліміз соңғы жылдары ауқымды реформаларды жүзеге асырып, жарқын болашаққа батыл қадам басып келеді. Біз бірлік пен келісімнің және ынтымақтың арқасында Әділетті Қазақстанды құру ісінде зор жетістікке жеттік. Халық Конституциясы күшіне енді, еліміздің даму бағдары өзгерді. Дегенмен атқаратын жұмыс әлі де көп.

Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады.

Мен партиялардың барлығы дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін Құрылтай сайлауы өтетін уақытты ертерек хабарладым.

Сондықтан Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды.

Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық. Партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды.

Бір сөзбен, азаматтарымыз партиялардың ел болашағына қатысты ұстанымын мұқият зерделеуге мүмкіндік алды. Саяси ұйымдардың экономикадан бастап мәдениет саласына дейін қамтыған бастамаларын бағалап-бағамдады.

Сайлауалды науқан еліміздегі қоғамдық күн тәртібі өзгергенін, жасампаздық пен өркендеу идеясы мемлекет саясатының арқауына айналғанын айқын көрсетті. Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан.

Қоғамдық пікірталасқа жастарымыз, кәсіби қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлер де белсенді қатысты. Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін.

Жалпы, халқымыздың саяси мәдениеті артып, жұртымыз мемлекеттік басқару ісіне атсалыса бастады. Бұл біз бір ел болып жүргізген реформалардың тікелей нәтижесі екені сөзсіз.

Азаматтарымыз қастерлі Отанымыздың тағдырына шынайы жанашырлық танытып, еліміздің келешегіне жауапты екенін терең сезінуге тиіс. Сонда ғана Қазақстан одан әрі қарыштап дамиды.

Сайлау науқаны отандық және халықаралық байқаушылардың жіті назарында болды. Олар дауыс беру күні де учаскелерде болады.

Біз «Заң мен Тәртіп» қағидаты үстемдік құратын, халық үніне құлақ асатын, саяси және қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін мемлекет құрып жатырмыз.

Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деп кәміл сенемін.

Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ.

Біз геосаяси шиеленіс ширығып, жаһандық сын-қатерлер күшейе түскен кезеңде бет алған бағытымыздан таймай, тек алға қарай жүруіміз қажет. Қазақстанды әлемдегі нағыз озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, яғни ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруымыз қажет.

Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады.

Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз.

Құрметті отандастар, еліміздің келешегі әр азаматтың саналы таңдауына байланысты болмақ. Сайлауға қатысу дегеніміз – халықтың өз ықтиярын білдіру, ел тағдырына бей-жай қарамай, азаматтық жауапкершілік таныту, ел игілігі үшін өнегелі іс жасау деген сөз. Дүние жүзінде миллиондаған адам өз сайлау құқы үшін күресуде.

Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар. Азаматтарды, әсіресе, жастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға, яғни Қазақстанның табысты дамуына үлес қосуға шақырамын.

Халқымыздың дауысы қастерлі Отанымыздың тұғырын бекемдеуге, нағыз озық ел болуымызға тікелей ықпал етері анық.

Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!

Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын!

28 июля 2026
Болгария СІМ-де екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды

София, 2026 жылғы 27 шілде – Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев Болгария Сыртқы істер министрінің орынбасары Иванка Ташевамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Болгария арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі мен оларды одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер, соның ішінде Қара теңіздегі сауда кеме қатынасының қауіпсіздігі бойынша пікір алмасу өтті.

Саяси диалогты одан әрі дамытуға, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, мәдени байланыстарды нығайтуға және халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды.

Сұхбаттасушылар Қазақстан мен Болгария арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға өзара қызығушылықтарын растап, екіжақты күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

 

24 июля 2026
Астанада Samruk-Kazyna қолдауымен халықаралық «2026 жылғы Болашақ Ойындары» (GOTF 2026) өтеді

2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада Samruk-Kazyna қолдауымен «Болашақ Ойындары 2026» (GOTF 2026) өтеді. Бұл халықаралық мультиспорттық турнир бірегей «фиджитал» жарыс форматы арқылы киберспортты, дәстүрлі спортты және озық технологияларды басын біріктіреді.

Сегіз ресми дисциплина бойынша 50-ден астам ұлттың өкілі болып табылатын 800-ден астам спортшы бақ сынайды. Фиджитал жарыстары цифрлық және физикалық кезеңдерді ұштастырады: қатысушылар алдымен виртуалды ортада бәсекеге түсіп, кейін сайысты футбол алаңдары, баскетбол корттары, жекпе-жек рингтері мен би сахналары сияқты шынайы спорттық ареналарда жалғастырады. Түпкілікті нәтиже спортшылардың қос кезеңдегі жиынтық көрсеткіштері бойынша анықталады.

Жарыс бағдарламасы:

  • Phygital Basketball Presented by Halyk Fund: 29 шілде - 3 тамыз
  • Battle Royale: PUBG BATTLEGROUNDS Presented by Alatau City Bank: 31 шілде - 2 тамыз
  • MOBA PC Dota 2 Presented by CenterCredit: 2-5 тамыз
  • Phygital Shooter CS 2 Presented by Yandex GO: 4-8 тамыз
  • Phygital Football UFL Presented by Samruk-Kazyna: 4-9 тамыз
  • MOBA Mobile MLBB Presented by FREEDOM: 6-9 тамыз
  • Phygital Dancing Presented by Solidcore Resources: 6-7 тамыз
  • Phygital Fighting Presented by Kazzinc: 8 тамыз

Қатысушылар арасында  әлемдік спорт пен киберспорттың танымал өкілдері бар, соның ішінде Team Spirit, T1, Team Falcons, Boca Juniors, Valencia Basket, LGD.Pinghu және NOVAQ.

Қазақстан атынан турнирге барлық сегіз дисциплина бойынша командалар мен спортшылар қатысады, олардың қатарында ACF x Allur, UEL Team, GTB KZ, PBC Astana, Future Nomads, Rune Eaters, DIGA Esports, NOVAQ, TeamKZ және Гүлназ Аманғали бар.

29 шілдеде Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де өтетін ашылу салтанатының тікелей көрсетілімін «Жібек жолы», Qazsport және «Хабар» телеарналары көрсетеді. Сондай-ақ трансляция GOTF Astana 2026 Powered by Samruk-Kazyna ресми YouTube-арнасында және Phygital+ платформасында қолжетімді болады, соның арқасында турнирдің ашылуын Қазақстандағы және шетелдегі көрермендер тамашалай алады.

Ашылу салтанатының бағдарламасында - AI-графика, ауқымды LED-инсталляциялар, лазерлік және жарық эффектілері, роботтандырылған элементтер және әсерлі сахналық қойылым бар.

Жарыстар елорданың төрт негізгі спорт нысанында өтеді:

  • «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені
  • Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы
  • «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығы
  • «Барыс Арена» көпфункциялы мұз айдыны сарайы

Билеттер ресми оператор Freedom Ticketon және Freedom SuperApp мобильді қосымшасы арқылы сатылады.

БАҚ үшін байланыс деректері:

  • Есбол Айлана – «Қазспортинвест» АҚ баспасөз хатшысы
  • E-mail: pr@kazsportinvest.kz
21 июля 2026
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын cайлау туралы ақпараттық хабарлама

Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары!

 2026 ж. 23 тамызда Қазақстан Республикасының тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді.

Болгария Республикасында тұрақты тұратын және уақытша жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына Құрылтай депутаттарын сайлауға дауыс беру бойынша конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беріледі.

Осыған орай, София қаласында Св.св. Кирил және Методий көшесі 37 мекенжайы бойынша орналасқан Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Елшілігі жанындағы № 452 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейтін болады.

Дауыс беру 2026 ж. 23 тамызда (жексенбі күні) жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сайлау күні дауыс берушілерде Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болуы тиіс.

Сіздерді № 452 сайлау учаскесінің дауыс берушілер тізіміне қосу үшін abdrakhmanov.a@mfa.kz электрондық мекенжайына өздеріңізге қатысты мәліметтерді (Т.А.Ә., туған күні, ЖСН, паспорт нөмірі (берілген күні мен жарамдылық мерзімі), Болгарияда тұратын мекенжай, байланыс деректерді (телефон, электрондық пошта) «Құрылтай-2026» белгісімен алдын-ала жіберу немесе онлайн сауалнаманы толтыруды сұраудамыз:

https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSeoheQiGa5MceGN42mzuZ5pjvbUqQGNaxkZqc12mFsMvnfSfQ/viewform?usp=header

Құрылтай депуттарын сайлауды өткізу кезеңдеріне сәйкес, учаскелік сайлау комиссиялары дауыс берушілердің алғашқы тізімін
2026 ж. 2 тамызда
Орталық сайлау комиссиясына ұсынады.

Алдағы Құрылтай депуттарын сайлау туралы толық ақпарат Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының сайтында орналастырылған (www.election.gov.).

Социальные сети
Facebook
Twitter
Instagram
Telegram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары