
София, 2025 жылғы 4 ақпан - Заңсыз иемденілген активтерді қайтару бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков бастаған қазақстандық делегация Болгария Республикасының Заңсыз алынған мүлікті тәркілеу жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Антон Славчевпен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында А.Славчев еліміздегі соңғы саяси өзгерістер мен реформалармен таныстырылды, сондай-ақ Қазақстандағы заң үстемдігін қамтамасыз ету, сот жүйесін жетілдіру және сот төрелігін жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар жасау саласында қабылдаған шаралар кешені жан-жақты баяндалды.
Сұхбаттың жалғасында Н.Сүйіндіков Активтерді қайтару жөніндегі жаңадан құрылған комитет туралы, ведомствоның заңсыз иемденілген активтерді қайтаруды жүзеге асыру жөніндегі негізгі міндеттері мен мақсаттары жөнінде хабардар етті. Бұдан басқа, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі ережелерін таныстырып, тәркілеудің азаматтық моделін қолдану тәжірибесі және ведомствоның активтерді іздеу, табу, сәйкестендіру және тәркілеу саласындағы жетістіктері туралы жан-жақты айтып берді.
Өз кезегінде А.Славчев жүргізіліп жатқан реформаларды құптап, құқық қорғау органдары желісі бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тереңдетуге шынайы қызығушылық танытты.
Сонымен қатар, болгар тарапы сыбайлас жемқорлық пен өзге де қылмыстарды тергеудің нәтижесінде активтерді анықтау, қадағалау және басқару саласындағы тәжірибесімен бөлісті.
Басты оқиға ретінде ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті мен БР Заңсыз алынған мүлікті тәркілеу жөніндегі комиссия арасындағы Әріптестік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды.
Меморандумның негізгі мақсаты - заңсыз активтерді тиімді іздеу, табу, сәйкестендіру және тәркілеу үшін әріптестік тетіктер мен ынтымақтастық нысандарын анықтау.
Бұл құжат құзыретті органдардың тығыз өзара іс-қимылына, қолжетімді ақпаратпен алмасуға, заңсыз иемденілген активтерді іздеу және мемлекетке қайтару саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету мүмкіндігін талдауға бағытталған.
Кездесудің қорытындысы бойынша Тараптар қол қойылған Меморандум шеңберінде өзара іс-қимылды белсенді дамытуға ниет білдірді және барлық белгіленген мәселелер бойынша ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын белгіледі.