
София, 2024 жылғы 4 желтоқсан – Ел экономикасына шетелдік инвестициялар және озық технологияларды тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыс шеңберінде Болгар сауда-өнеркәсіп палатасы алаңында Қазақстанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндіктері таныстырылды.
Іс-шараға 20-дан астам Болгария-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы (БҚСӨП), көлік және логистика, энергетика, ЖЭК, тамақ өнеркәсібі және т.б. салалардағы жергілікті іскерлік қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев болгар кәсіпкерлерін еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша Үкімет тарапынан жасалынып жатқан жұмыспен таныстырып, көлік және логистика, АӨК, ЖЭК, өнеркәсіп және т.б. салалардағы сауда-инвестициялық қатынастарды арттыруға мүмкіндіктердің бар екендігін атап өтті. Осы тұрғыда, қазақ дипломаты жақында іске қосылған еліміздің экономикалық өсімге, әлеуметтік прогресске және инновацияларға серпінді әрі көреген тәсілін көрсетуге бағытталған «Kazakhstan: Born Bold» ақпараттық кампаниясына жеке тоқталды.
Сонымен қатар, В.Темірбаев Шығыс пен Батыс арасындағы тауар жеткізудің жаһандық тізбегінде маңызы артып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойындағы еліміздің көлік-транзиттік әлеуеті, сондай-ақ инвесторларды мемлеттік қолдау шаралары мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтары туралы хабарлады.
Өз кезегінде, 2024 ж. шілдеде Елшіліктің қолдауымен құрылған БҚСӨП төрағасы Пламен Юруков болгар компаниялары Қазақстанмен сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға қызығушылық танытып жатқандығын атап өтіп, бірлескен жобаларды іске асыруға жәрдем көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Іс-шара соңында Қазақстан мен Болгария кәсіпорындарының арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту және іскерлік байланыстарды жандандыру бойынша пікір алмасу өтті.
Болгария-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы (БҚСӨП) 2024 ж. шілде айында екі ел арасындау сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды әрі қарай дамытуға жәрдем көрсету мақсатында құрылды. БҚСӨП штаб-пәтері София қ. орналасқан.
Қазіргі уақытта БҚСӨП құрамында ЖЭК, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, АӨК және т.б. салалардағы компаниялар бар.