
София, 2024 жылғы 28 қараша – Агроөнеркәсіп саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін талқылау мақсатында Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгариядағы Ауыл шаруашылығы өндірушілері қауымдастығының басшылық құрамымен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында АӨК саласындағы өзара қатынастарды әрі қарай дамыту және Қазақстан мен Болгария іскерлік топтарының арасындағы ынтымақтастықты арттырудың жаңа жолдарына қатысты пікір алмасу орын алды.
Елші В.Темірбаев елімізде ауыл шаруашылығын, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан, дамытудың маңыздылығын атап өтіп, екіжақты қатынастарды әрі қарай дамыту үшін негізгі әлеуетті бағыттарды көрсетті.
Қазақ дипломаты кездесуге қатысушыларды Үкіметтің қолайлы іскерлік орта құру бойынша атқарып жатқан жұмыстарымен және АӨК саласында инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын шетелдік инвесторлар үшін көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларымен егжей-тегжейлі таныстырды. В.Темірбаев сондай-ақ Қазақстанның экономикалық өсімге, әлеуметтік прогреске және инновацияларға серпінді әрі көреген көзқарасын көрсетуге бағытталған халықаралық аудитория үшін жақын арада іске қосылған «BornBold» ақпараттық науқанын таныстырды.
Өз кезегінде, болгар тарапы ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін ортақ мақсаттарға жетуге ынтасын танытып, екі ел кәсіпорындары арасындағы байланыстарды орнатуға бағытталған бастамаларды тұрақты түрде қолдауға дайын екендігін жеткізді.
Соңында тараптар кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын әрі қарай жалғастыру туралы уағдаласты.