Республика күні қарсаңында Болгарияның Благоевград қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Республика күні қарсаңында Болгарияның Благоевград қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Благоевград, 2024 жылғы 18 қазан - Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгарияның оңтүстік-батыс мәдени және білім беру орталығы – Благоевградқа ресми сапармен барды.

Сапар аясындағы басты іс-шара Қазақстанның Благоевградтағы Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі болды. Құрметті консул болып белгілі кәсіпкер және өңірдегі бірқатар ірі компаниялардың негізін қалаушы Рашко Динков тағайындалды. Іс-шараға Благоевград облысының мэрі Георги Динев, қалалық әкімшіліктің басшылығы, қоғам, іскер, ғылыми және мәдени ортаның өкілдері қатысты.

Елші В.Темірбаев мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтіп, Болгария Қазақстанның Балқандағы ең ірі сауда және экономикалық серіктестерінің бірі екендігін атап өтті.

Қазақстандық дипломат ең ірі мәдени және туристік облыстарының бірі – Благоевград аймағында Республика күні қарсаңында Қазақстанның Құрметті консулдығын ашудың символдығын және маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл біздің елдерімізге ауыл шаруашылығы, құрылыс, химия және тоқыма өнеркәсібі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруда өзара іс-қимылды жандандыруға мүмкіндік береді.

Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Благоевград облысының мэрі Г.Динев Қазақстанның жоғары экономикалық және инвестициялық әлеуетін атап өтіп, еліміздің жоғоры даму қарқынына назар аударды. 

Қазақстанның Құрметті консулы Р.Динков қазақстандық тараптың көрсеткен жоғары сенімі үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның бекітілген өңірлермен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылын жандандыруға дайын екендігін хабарлады.

Бұған дейін, Елші В.Темірбаевтың Благоевградтың жаңадан сайланған мэрі Методи Байқушевпен кездесуінде әңгімелесушілер сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың үдемелі дамуындағы өңіраралық өзара іс-қимылдың маңызды рөлін атап өтіп, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат соңғы саяси өзгерістер мен реформалармен, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауларының негізгі ережелері мен міндеттерімен және ҚР-да атом электр станциясын салу бойынша өткен референдумның қорытындыларымен таныстырды.

Өз кезегінде М.Байқушев Қазақстанмен өңіраралық қатынастарды дамытуға өзінің дайындығын білдіріп, өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайту жөніндегі бастамаларды қолдайтындығына сендірді.

Сонымен қатар, сапар аясында жергілікті іскерлік қоғам өкілдерімен кездесу өтті, оның барысында болгар бизнесіне еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері, атап айтқанда экономиканың қайта өңдеу салаларында инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын шетелдік инвесторларға жаңа ашылатын тауашалар мен мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды.

Білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Елші В.Темірбаев Болгариядағы Америкалық университетінің президенті Мэрджи Энсайнмен кездесу өткізді. Кездесу барысында Елші В.Темірбаев жоғары оқу орнының басшысын еліміздің ең жоғары игілігін білдіретін Республика күнінің ерекше мәртебесі мен тарихи құндылығымен таныстырып, одан әрі түрлі бейіндегі оқу орындары арасындағы ынтымақтастық перспективаларына қатысты жан-жақты пікір алмасты.

Америкалық профессор өзі басқаратын оқу орнының батыс контекстінде білім беру сапасын арттыру саясатын іске асыру тәжірибесімен, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты дамыту жоспарлары мен басымдықтарымен бөлісті.

Сондай-ақ, Елші В.Темірбаев аталған университетте оқитын қазақстандық студенттермен кездесті. «Q&A» форматындағы әңгіме барысында біздің студенттер Қазақстан мен Болгарияның жоғары білім саласындағы ынтымақтастығы аясындағы басымдықтар мен міндеттер туралы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар және АЭС салу мәселесі бойынша өткен референдум қорытындылары туралы, сондай-ақ Елшіліктің консулдық есебіне тіркелудің маңыздылығы және консулмен тұрақты байланыста болу қажеттілігі туралы хабардар етілді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандық дипломат студенттерге оқуда сәттілік тілеп, әділ Қазақстанды құруға арналған стратегиялық курс шеңберінде жас ұрпақтың сапалы білім алуының маңыздылығына назар аударды.

 

Благоевград - Болгарияның оңтүстік-батысындағы мәдени мен білім беру орталығы және осы муниципалитеттің әкімшілік орталығы. Бұл қала дамыған өнеркәсіппен, саудамен және көлік инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Жалпы, Благоевград өңірдің ең қарқынды дамып келе жатқан орталығы.