Болгарияның сарапшылар қауымдастығы Қазақстанның ауқымды реформаларды жүргізудегі жүйелі ілгерілеуін жоғары бағалады

Болгарияның сарапшылар қауымдастығы Қазақстанның ауқымды реформаларды жүргізудегі жүйелі ілгерілеуін жоғары бағалады

София, 2024 жылғы 11 қыркүйек - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін кеңінен жариялау мақсатында Елші Виктор Темірбаев болгар сарапшылар қоғамдастығының, ғылыми-академиялық, іскер топтардың және БАҚ өкілдерімен кездесті.

Қазақстандық дипломат қатысушыларды Мемлекет басшысының өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инвестициялық ахуалды жақсарту, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, азаматтарды әлеуметтік қолдау, экологиялық жағдайды жақсарту, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, елдегі заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы Үкімет алдына қойған негізгі әлеуметтік-экономикалық міндеттерімен таныстырды.

Сонымен қатар, Елші В.Темірбаев елдің саяси жүйесін ауқымды жаңғырту шеңберінде өткен жылдары басталған қайта құрулардың қисынды жалғасы болып табылатын бірқатар саяси бастамаларға тоқталды.

Өз кезегінде қатысушылар Жолдаудың алға қойылған мақсаттары мен міндеттерін табысты іске асыру күшті және гүлденген Қазақстанды құру жолындағы үлкен қадам болатынына сенім білдірді. Осы жылдың қазан айында ел аумағында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізу туралы шешім мемлекет басшылығының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына адалдығының айқын дәлелі ретінде олардың жоғары бағасына ие болды.