
София, 2024 жылғы 10 шілде – Қазақстанның Болгариядағы Елшілігі Көлік жөніндегі ғылыми-техникалық одақ (КҒТО) ғимаратында 20-дан астам болгар көлік компаниялары өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан мен Болгария арасындағы көлік байланысы» форумын ұйымдастырды.
Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев өз сөзінде Еуразия континентінің орталығында орналасқан Қазақстанның географиялық жағдайы Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттардағы трансконтинентальдық дәліздерді қалыптастыру кезінде, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізін (ТХКД) дамыту тұрғысында еліміздің көлік желісін пайдалану үшін қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті.
Қазақстандық дипломат қатысушыларды ТХКД бағыты бойынша жүк тасымалдарын ұлғайту, сондай-ақ Түрікменстан, Иран, Түркия арқылы және одан әрі Болгария мен Румыния аумағы арқылы ЕО елдеріне жүк тасымалдауда жаңа автомобиль бағытын дамыту бойынша Үкіметтің жүргізіп жатқан жұмысымен егжей-тегжейлі таныстырды. Оның пікірінше, «Болгария, Қазақстан сияқты, ЕО, Орталық Азия және ҚХР елдері арасындағы сауда тізбегінде маңызды транзиттік рөл атқарады және осы тұрғыда біз көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты жандандыруымыз қажет».
Өз кезегінде, КҒТО Басқарушы кеңесінің төрағасы Ясен Ишев ағымдағы геосаяси турбуленттілік жағдайда көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты арттырудың, атап айтқанда екі елдің көлік компаниялары арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Жасыл көлік кластері Басқарушы кеңесі төрағасының орынбасары Мартин Янев екіжақты жүк тасымалдарын да, транзиттік тасымалдарды да ұлғайту мақсатында көліктік-логистикалық салада Қазақстанмен өзара қарым-қатынасты одан әрі дамытуға жергілікті іскер топтар арасында қызығушылықтың артып келе жатқандығын жеткізді.
Іс-шара соңында қатысушылар жаһандық және өңірлік деңгейлерде көлік саласын орнықты дамытудың өзекті мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салып, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөнінде пікір алмасты.