Болгарияның ауыл шаруашылық саласындағы компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Болгарияның ауыл шаруашылық саласындағы компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

София, 2024 жылғы 20-21 ақпан – Ауыл шаруашылығы саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологияларды тарту бойынша алға қойылған міндеттерді іске асыру шеңберінде Елші Виктор Темірбаев Болгарияның Ауыл шаруашылығы өндірушілері қауымдастығының (АШӨҚ) төрағасы Венцислав Върбановпен кездесу өткізді, сондай-ақ тамақ өнімдері саласындағы жетекші болгар компанияларының бірі – «Lekkerbek» өндіріс орнына барды.

В.Върбановпен әңгімелесу барысында тараптар екі елдің аграрлық сектордағы кәсіпорындары арасында, оның ішінде іскерлік топтар өкілдерінің қатысуымен делегациялардың бірлескен сапарларын және іс-шараларды ұйымдастыру арқылы тікелей байланыстар орнату әлеуетін қарастырды.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Үкімет тарапынан қолайлы іскерлік орта құру бойынша жасалынып жатқан қадамдар және АӨК саласында инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті.

Өз кезегінде, АШӨҚ төрағасы ауыл шаруашылығы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін ортақ мақсаттарға жетуге өзінің дайындығын білдіріп, Қазақстан мен Болгария іскерлік топтары арасында байланыстарды орнату бойынша бастамаларды әрқашан қолдайтындығына сендірді.

«Lekkerbek» компаниясының Бас атқарушы директоры Колю Колевпен кездесу барысында, кәсіпорын басшысы компанияның шетелдегі қызметін кеңейту, атап айтқанда Қазақстанмен жұмыс істеу жөніндегі жоспарлары және көзқарасымен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Lekkerbek» компаниясы «WFS» неміс компаниясымен бірлесіп біздің елімізде ІҚМ (ірі қара мал) етін қайта өңдеу және кең тұтылатын тамақ өнімдерін өндіру бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мәселесін белсенді қарастыруда. Әлеуетті инвестордың ақпаратына сәйкес, жобаны іске асыру үшін ықтимал өңір ретінде Шымкент қаласы қарастырылуда.    

Елші В.Темірбаев Қазақстан үшін АӨК саласын дамыту мәселесінің, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңыздылығын атап өтіп, сұхбаттасушыны жобаны сәтті іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсететіндігіне сендірді.

Кездесу соңында қазақстандық дипломат компанияның өндірістік алаңына барып, өнімді дайындау үдерісімен танысты. 

 

1999 ж. құрылған «Lekkerbek» компаниясы өндірісінің күнделікті қуаттылығы 30 мыңнан астам әртүрлі азық-түлік өнімдерін құрайды.

Тағамды пісіру барысында «Sous Vide» инновациялық әдісі қолданылады, онда алдын-ала вакуумдалған өнімдер «су моншасында» үнемі төмен температурада дайындала отырып, сапасы мен балғындығын ұзақ уақыт бойы сақтайды.