
Варна, 2024 ж. 6 ақпан – Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Солтүстік-Шығыс Болгарияның ірі қаласы және елдің «теңіз астанасы» болып табылатын Варна қаласына ресми сапармен барды.
Варна қаласының мэрі Благомир Коцевпен кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды үдемелі дамытудағы өңіраралық өзара қатынастардың маңызды рөлін атап өтіп, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, өңіраралық деңгейде өзара қатынастарды дамыту мақсатында 2004 ж. басталған Қазақстанның «оңтүстік астанасы» - Алматы қаласымен бауырластық байланыстарды орнату рәсімін аяқтауға аса назар аударылды (2004 ж. Ынтымақтастық туралы ниет хаттамасына қол қойылған болатын).
Оған қоса, Елші В.Темірбаев Еуропа, Орталық Азия және Қытай елдері арасындағы жүк тасымалын қамтамасыз етудегі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (Орта дәліз) өсіп келе жатқан рөлі контекстінде көлік-логистика саласындағы екіжақты сауда-экономикалық өзара қарым-қатынастарды арттырудың, сондай-ақ туристік ағындарды өзара ұлғайту үшін туроператорлар арасындағы тікелей байланыстарды жолға қою мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Б.Коцев Қазақстанмен өңіраралық қатынастарды дамытуға өзінің дайындығын білдіріп, өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайту жөніндегі бастамаларды тұрақты қолдайтындығына сендірді.
Сапар барысында қазақстандық дипломат сондай-ақ Болгарияның Қара теңіз бойындағы ірі порты – Варна портының инфрақұрылымымен танысып, оның басшылығымен Қазақстаннан келетін жүк тасымалын арттыру мәселелерін талқылады. В.Темірбаев Орта дәліздің қазіргі геосаяси турбуленттік жағдайда артып келе жатқан рөліне назар аударып, Қазақстан мен Болгария арасындағы сауда қатынастарын ұлғайту үшін жергілікті теңіз операторларын «Транскаспий халықаралық көлік дәлізі» халықаралық қауымдастығының әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды.
Білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Елші В.Темірбаев «Черноризец Храбър» Варна еркін университетінің Президенті Красимир Недялковпен кездесу өткізіп, оның барысында әртүрлі бейіндегі қазақстандық және болгар оқу орындары арасындағы ынтымақтастық перспективаларына қатысты жан-жақты пікір алмасу өтті.
К.Недялков еуропалық контексте білім беру сапасын арттыру бойынша өзі басқаратын саясатты іске асыру тәжірибесімен, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты дамыту жоспарларымен және басымдықтарымен бөлісті.
Қазақстандық дипломат болгар ЖОО басшылығын оқу орындары желісі бойынша байланыс орнатуға және одан әрі өзара тиімді әріптестік құруға жақсы мүмкіндік беретін «International Education Fair» (Астана және Алматы ққ., 2024 ж. 4-5 наурыз) халықаралық білім беру көрмесіне қатысуға шақырды. Одан басқа, болгар тарапына студенттермен алмасу, оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және студенттік практика желісі бойынша байланыстарды кеңейту ұсынылды.
Сондай-ақ, Елші В.Темірбаев Варнада оқитын қазақстандық студенттермен кездесті. «Q&A» форматында өткен әңгіме барысында студенттерімізге Қазақстан мен Болгарияның жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастығы аясындағы басымдықтар мен міндеттер, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ Елшіліктің консулдық есебіне тұру және консулмен тұрақты байланыста болудың маңыздылығы туралы ақпарат берілді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандық дипломат студенттерге әділетті Қазақстанды құруға арналған стратегиялық курс шеңберінде жас ұрпақтың сапалы білім алуының маңыздылығына назар аудара отырып, оқуда табыс тіледі.
Варна қаласына сапарын аяқтай отырып, В.Темірбаев қазақ диаспорасының өкілдерімен және отандастарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады, сондай-ақ қатысушыларды Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар және өзгерістермен таныстырды.
Варна - Болгарияның Қара теңіз жағалауындағы ең үлкен, елдің үшінші (София мен Пловдивтен кейін) қаласы.
45 айлағы бар Варна теңіз порты жылына 10 млн. тоннадан астам жүк ағынын өңдеу қуатына ие.
«Черноризец Храбър» Варна еркін университеті 1991 ж. құрылған Болгариядағы ең ірі жекеменшік университет болып табылады. Қазіргі уақытта университет қабылғасында 35 мамандық бойынша шамамен 5000 студент, оның ішінде Қазақстаннан келген студенттер де білім алуда.