
София, 2024 жылғы 2 ақпан – Бүгін Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгарияның Еуропалық Парламент мүшесі Андрей Новаковпен екіжақты кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында қазақстандық дипломат еуродепутатты елдің саяси жүйесіндегі соңғы өзгерістермен және өткен жылдың сайлау кезеңінің нәтижелерімен таныстырды. Сонымен қатар, Елші В.Темірбаев Қазақстан-Болгария мен Қазақстан-Еуропа қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ оларды одан әрі тереңдету жоспарлары туралы хабардар етті. Өз кезегінде еуродепутат жүргізіліп жатқан реформаларды құптап, олар Қазақстанның демократиялық даму жолымен жүруге деген шынайы ұмтылысын көрсететінін атап өтті.
Бұдан басқа, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты мен әлеуметтік-экономикалық дамуы, АЭС салу және басқа да өзекті тақырыптарға арналған қаңтардағы сұхбат мазмұнына да ерекше назар аударылды.
Соңында тараптар кездесу барысында белгіленген барлық мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.