
Бургас, 2023 жылғы 4 желтоқсан – Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаевтың Болгариядағы ең ірі көліктік-логистикалық және туристік орталықтардың бірі - Бургас қаласына жұмыс сапары өтті.
Бургас қаласының мэрі Димитър Николовпен кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды үдемелі дамытудағы, атап айтқанда, өңіраралық деңгейде ынтымақтастықты кеңейтудің пәрменді тетігі болуға арналған 2022 ж. қыркүйекте қол қойылған Павлодар мен Бургас қалалары арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум шеңберіндегі өңіраралық өзара іс-қимылдың ерекше рөлін атап өтті.
Сонымен қатар, Елші В.Темірбаев Еуропа, Орталық Азия және Қытай елдері арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз етудегі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (Орта дәліз) өсіп келе жатқан рөлі контекстінде көлік-логистика саласындағы екіжақты сауда-экономикалық өзара қарым-қатынастарды арттырудың, сондай-ақ туристік ағындарды өзара ұлғайту үшін туроператорлар арасындағы тікелей байланыстарды жолға қою мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Д.Николов Қазақстанмен өңіраралық қатынастарды дамытуға өзінің дайындығын білдіріп, өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайту жөніндегі бастамаларды тұрақты қолдайтындығына сендірді.
Қазақстандық дипломат сондай-ақ Қара теңіздегі маңызды болгар порттарының бірі - Бургас теңіз портының инфрақұрылымымен танысып, оның басшылығымен өткен кездесуде Қазақстаннан жүк тасымалдау көлемін ұлғайту мәселелерін талқылады. В.Темірбаев Болгарияның ірі порт операторы болып табылатын «BMF Port Burgas» компаниясының «Транскаспий халықаралық көлік дәлізі» халықаралық қауымдастығына мүше болып кіруі (2023 ж. қыркүйекте) екі ел арасындағы сауда қатынастарының өсуіне қосымша серпін беретінін атап өтті.
Одан басқа, сапар аясында жергілікті іскерлік қоғамдастық өкілдерімен кездесу өтіп, болгар бизнесіне еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері, атап айтқанда шетелдік инвесторлар үшін жаңа ашылатын тауашалар, мемлекеттік қолдау шаралары, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар таныстырылды.
Бургас қаласына сапарын аяқтай отырып, В.Темірбаев қазақ диаспорасының өкілдерімен және отандастарымен кездесу өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады, сондай-ақ қатысушыларды Қазақстанда жүргізілген реформалар және өзгерістермен таныстырды.
Бургас - елдің маңызды туристік, экономикалық және өндірістік орталығы.
19 айлағы бар және максималды рұқсат етілген тереңдігі 12,3 метр құрайтын Бургас порты Болгарияның екінші (Варна портынан кейін) порты болып табылады.