
София, 2023 ж. 10 шілде – Қазақстан мен Болгария арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға байланысты мәселелерді талқылау мақсатында Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгарияның Экономика және өнеркәсіп министрі Богдан Богдановпен кездесті.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Болгарияның сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара қарым-қатынастарын дамыту, оның ішінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) шеңберінде басым бағыттар бойынша нақты мәселелер мен бастамалар қаралды. Астана мен София арасындағы әріптестік үшін КӘЫК-дағы мүмкіндіктерге аса көңіл бөлінді.
Тараптар Қазақстан-болгар экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті бесінші отырысын әзірлеуге және өткізуге байланысты мәселелер бойынша нақты келіссөздер жүргізді.
Сонымен қатар, Елші В.Темірбаев сұхбаттасушыны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси және экономикалық реформалармен, Үкіметтің қолайлы инвестициялық ахуал құру бойынша жүргізіп жатқан жұмысымен, шетелдік инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларымен және АХҚО мен АЭА алаңдарында ұсынылып отырған мүмкіндіктермен егжей-тегжейлі таныстырып, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасында экономикалық өзара қарым-қатынастарын дамыту үшін әлеуетті «тауашалар» туралы пікірлерімен бөлісті.
Өз кезегінде Министр Б.Богданов Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда практикалық өзара іс-қимылды арттыруға дайындығын растады.
Әңгімелесу соңында тараптар кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша тығыз жұмыс байланыстарын сақтауға келісті.
2023 ж. 4 ай бойынша Қазақстан мен Болгария арасындағы тауар айналымы 27,0 млн. АҚШ долл. құрады, оның ішінде экспорт – 7,0 млн., импорт – 20,0 млн. доллар.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 8,6 млн. долл. көлемінде болгар тікелей инвестициялары тартылды.
Жалпы, 2005 жылдан бастап ұлттық экономикаға Болгариядан 64,4 млн. долл. инвестиция тартылса, ал кері бағытта - 12,6 млн. долл. салынды.