
София, 2023 ж. 29 маусым – Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев «Әулие Кирил және Методий» Ұлттық кітапханасының директоры Красимира Александровамен кездесті.
Сұхбат барысында әңгімелесушілер қазақстандық және болгар ғылыми-зерттеу институттары мен кітапханалар арасындағы ынтымақтастықтың кең ауқымын жан-жақты талқылап, сондай-ақ Ұлттық кітапхана алаңында бірлескен іс-шаралар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Сонымен қатар, болгар жұртшылығын қазақ мәдениеті мен әдебиетімен кеңінен таныстыру мақсатында қазақстандық дипломат Ұлттық кітапхана қорына, оның ішінде қазақ әдебиетінің бұрышына Елшіліктің атсалысуымен болгар тілінде жарық көрген көркем кітаптарды беріп, құрметті конақтар кітабында естелік жазу қалдырды.
Кездесу соңында әңгімелесушілер шығармалармен өзара алмасуды ынталандыруға және барлық мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын жүргізуге келісті.
1879 ж. құрылған «Әулие Кирил және Методий» Ұлттық кітапханасы Болгарияның ең ірі кітапханасы болып табылады. Қазіргі уақытта кітапхананың кітап қорында 8 миллионнан астам кітаптар пен қолжазбалар бар. 2022 ж. желтоқсанда аталған кітапханада қазақ әдебиетінің бұрышы ашылды.