
София, 2023 жылғы 17 мамыр – Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Әулие Клемент Охрид атындағы София университетінің Классикалық және заманауи филология факультетінің басшылығымен кездесті.
Кездесу барысында шет тілдерді меңгеру және оқыту желісі бойынша өзара тиімді әріптестікті арттыру жөніндегі бастамалар қаралды. Атап айтқанда, 2018 жылдың қазан айында ҚазҰУ-мен әріптестік келісім негізінде құрылған Әл-Фараби Ғылыми-білім беру және мәдени орталығында қазақ тілін үйрену тәжірибесін одан әрі ілгерілетуге әңгімелесушілердің ерекше назары аударылды. Сондай-ақ, қазақстандық дипломат факультет басшылығына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін және болгар студенттері арасында біздің тілді үйренуге деген қызығушылықтың артуына орай және осы пәнді «Түркология және алтаистика» кафедрасының оқу жоспарына енгізілгеніне байланысты алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Елші В.Темірбаев қазақ тілін үйреніп жатқан болгар студенттерімен кездесті. "Q&A" форматындағы әңгіме барысында болгар студенттері Қазақстан мен Болгарияның жоғары білім саласындағы ынтымақтастығы аясындағы басымдықтар мен міндеттер туралы, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етілді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, В.Темірбаев жас ұрпақтың сапалы білім алуының маңыздылығына назар аудара отырып, студенттерге оқуда табыс тіледі.
Әулие Клемент Охрид атындағы София университеті 1888 жылы 1 қазанда құрылып, Болгариядағы ең ірі және беделді жоғары оқу орны болып табылады.
19 мыңнан астам студент оқитын ЖОО әлемнің үздік университеттерінің рейтингіне кіреді.
Әулие Клемент Охрид атындағы София университетінің Классикалық және заманауи филология факультеті осы университеттің ең көне факультеттерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда ол университеттегі 10 кафедрасы мен 19 мамандығы бар ең ірі факультет болып табылады.
Әл-Фараби Ғылыми-білім беру және мәдени орталығы 2018 жылғы 4 қазанда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Әулие Клемент Охрид атындағы София университеті арасында қол қойылған келісім негізінде құрылды. Орталықтың негізгі мақсаты - қазақ мәдениетін ілгерлету, Болгария азаматтарын еліміздің бай мәдени мұрасымен таныстыру,қазақ тілін меңгеруді қолдау және Қазақстан мен Болгарияның білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамыту.