
2023 жылғы 26-27 сәуірде Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) ХХХІІ сессиясы өтеді.
Іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері, ҚХА, шетелдік дипломатиялық корпус, саяси партиялар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, үкіметтік емес сектор, діни бірлестіктер, БАҚ және т.б. өкілдері қатысады деп күтілуде.
Жалпы, алдағы сессияда ортақ мақсаттар тұрғысындағы ұлт бірлігі мәселелері, атап айтқанда, Әділетті Қазақстанды құру, жүйелі қайта құруларға саяси және қоғамдық серпін беру, мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде ұлттық саясаттың мәнін ілгерілету, түрлі этностардың үлесін ашу, сондай - ақ олардың қазіргі қазақстандық қоғамдағы рөлі талқыланатын болады.
ҚХА сессиялары бүкіл әлемге үлгі болып табылатын Қазақстанда ұлтаралық келісім мен үйлесімділікті қолдауға практикалық үлес қосады.
Анықтама: Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда құрылды. Оның құрамына 583 адам кіреді.
Ассамблеяның жоғарғы органы болып табылатын сессия жыл сайын ҚХА төрағасы әрі ел Президентінің төрағалығымен жыл сайын өтеді.
Сессиялар арасында Ассамблея Кеңесі жұмыс істейді, оған республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері кіреді.
ҚХА қызметі ҚР Конституциясына, ҚР "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Заңына (2008 ж.), сондай-ақ Президент Жарлығымен бекітілген ҚХА-ның 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасына негізделген.