
София, 2023 жылғы 6 сәуір - Ғылыми-академиялық саладағы ынтымақтастықты нығайту және «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ (ҰҒА) мен Болгар ғылым академиясы (БҒА) арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету перспективаларын талқылау мақсатында Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев БҒА басшысы Юлиан Ревалскимен кездесті.
Өткен мазмұнды сұхбат барысында қазақстандық дипломат болгар академигіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі ғылыми саланы дамыту бойынша қойған міндеттері аясында ҰҒА-ның жақында орын алған трансформациясы туралы хабардар етіп, сондай-ақ осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстандағы мемлекеттік билік институттарын саяси жаңғырту қорытындыларымен таныстырып, 2023 жылғы 8-9 маусымда өтетін Астана Халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Ю.Ревалски ғылыми ведомстволар желісі бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тереңдетуге ерекше қызығушылық танытты және қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында тараптар барлық мәселелер бойынша жұмыс бабындағы байланыстарын жүргізуге келісті.
Болгар ғылым академиясы ғылым мен инновацияны дамыту саясатын жүзеге асыратын Болгарияның жетекші ғылыми-сараптамалық орталығы болып табылады. БҒА 300-ге жуық ғалым жұмыс істейтін 42 автономды ғылыми бөлімшелерден тұрады.