
София, 2023 жылғы 9 наурыз – Бүгін Софияда «Қазақстандағы кезектен тыс парламенттік сайлау: Болгариядан сараптамалық көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың қатарында болгар сарапшылар қауымдастығының, ғылыми және академиялық топтардың, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның Достар клубының мүшелері: Ресеймен және ТМД халықтарымен достық федерациясының төрағасы Захари Захариев, Болгар журналистер одағының төрағасы Снежана Тодорова, Варна еркін университетінің профессоры Нина Дюлгерова, Әулие Климент Охрид атындағы София университетінің профессоры Нако Стефанов, «Факти» журналисті Милена Симидчиева және басқалар болды.
Өз кіріспе сөзінде Елші Виктор Темірбаев саяси жүйені түбегейлі түрде қайта жүктеу қажеттілігінен туындаған және Қазақстандағы биліктің мемлекеттік институттарын саяси тұрғыдан жаңарту цикліндегі қорытынды кезең болып табылатын алдағы сайлаудың тұжырымдамалық негіздері мен ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ, ол сайлау 2022 ж. маусымында республикалық референдумда азаматтардың көпшілігі қолдаған конституциялық реформалардың рухына толық сәйкес келетінін атап өтті.
Қазақстандық дипломат: «Алдағы кезектен тыс сайлау Әділ Қазақстанды, яғни саяси жүйесі айқын, серпінді әрі бәсекеге қабілетті кемел қоғам құруға одан әрі үлесін қосады. Мұндай мемлекет халықаралық қоғамда, соның ішінде Болгария үшін де, бұдан да мықты әрі сенімді серіктес болатыны сөзсіз», – деп түйіндеді.
Дөңгелек үстел шеңберіндегі еркін пікірталас болгар сарапшыларының Қазақстанда болып жатқан ауқымды саяси өзгерістерге және ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға алдағы сайлауға деген қызығушылығын көрсетті.
Аталған іс-шараға қатысушылар өздерінің пікірлері мен түсініктемелерінде қазақстандық биліктің елдің саяси жүйесін жаңғыртуға және мемлекеттің табысты дамуы үшін оң үрдістер белгілейтін жаңа жолдарды іздеуге деген көзқарасын жоғары бағалады. Олардың пікірінше, әлем геосаяси және геоэкономикалық тәуекелдер мен сын-тегеуріндерге тап болған жағдайда, тұрақты және кемел Қазақстан өз азаматтарының ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия аймағынан тыс жерлердің де мүдделеріне сай келеді. Қатысушылар реформалар үрдісін құптап, қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыруда Қазақстан басшылығын толық қолдайтынын растады.
Іс-шара соңында сарапшылар Астана мен София арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың үдемелі сипатын атап өтіп, мемлекетаралық ынтымақтастықтың ағымдағы деңгейі мен перспективаларын жоғары бағалады.