
София, 2023 жылғы 14 ақпан – Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгария Сыртқы істер министрі Николай Милковпен кездесті.
Сұхбат барысында дипломаттар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша «сағаттарды салыстырып», оның одан әрі даму перспективалары туралы терең пікір алмасты.
Атап айтқанда, қазақстандық Елші саяси диалог пен сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру және Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліз арқылы транзиттік әлеуетті дамыту бойынша бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударды. Тараптар инвестициялар, IT-технологиялар, ауыл шаруашылығы, туризм және білім беру салаларында өзара іс-қимылдың кең перспективаларының бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар, В.Темірбаев еліміздегі жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен, сондай-ақ еліміздің саяси жүйесін ауқымды трансформациялау аясындағы негізгі шаралармен таныстырды.
Өз кезегінде, Министр Қазақстан Болгарияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі ретінде қарастырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, болгар СІМ-нің екіжақты күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастыққа дайындығын растады.
Сұхбаттасушылар болашақта, оның ішінде 2023 ж. көктемде Астана қаласында өтетін Қазақстан-Болгария саяси консультациялар мәселелері бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.