Қазақстан мен Болгария түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастыққа дайындығын растайды

Қазақстан мен Болгария түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастыққа дайындығын растайды

София, 2023 жылғы 14 ақпан – Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгарияның бірқатар ұйымдарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.

«Болгар туристік одағы» қауымдастығының төрағасы Венцислав Веневпен туристік саладағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды, атап айтқанда, Қазақстанның туристік әлеуеті мен «тауашалық» жобалар қаралды.

Әңгіме барысында туроператорлар арасындағы тікелей байланыстарды орнату және нығайту, сондай-ақ туристік ағындарды өзара ұлғайту қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Болгарияның бұл үшін барлық мүмкіндіктері бар деген ортақ пікір айтылды.

«Болгар туристік одағы» қауымдастығы 1895 жылы құрылған және болгар туристік компанияларын біріктіретін ең ірі және ең беделді ұйым болып табылады.

Сол күні Қазақстан Елшісі Болгар телеграф агенттігінің Бас директоры Кирил Вълчевпен ақпараттық жазықтықтағы ынтымақтастыққа арналған кездесу өткізді.

Атап айтқанда, әңгімелесушілер аталған Агенттіктің қазақстандық ақпараттық әріптестермен өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын айқындап, оларды бірлесіп пысықтауға уағдаласты. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат 2023 жылғы 19 наурыздағы алдағы парламенттік сайлауды қоса алғанда, елімізде болып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді егжей-тегжейлі атап өтті.

Болгария телеграф агенттігі 1898 жылы құрылған және елдің ұлттық тәуелсіз ақпарат агенттігі болып табылады. Агенттіктің бірқатар негізгі шет елдердің астаналарында (Пекин, Нью-Дели, Париж, Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Анкара, Каир) өкілдіктері бар.