
София, 2022 жылғы 15-16 қазан – «Әулие Клемент Охридский» София университеті басшылығының шақыруымен Қазақстан Республикасының Елшісі Т.Ізбастин ғалым, шығыстанушы, профессор Александр Федотовты еске алуға арналған «Шығыстану – дәстүр және қазіргі заман» Халықаралық ғылыми конференциясының ашылуына қатысты.
Іс-шара Болгарияда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдерінің, оқытушылар мен студенттердің қатысуымен өтті.
Ашылу салтанатында университет ректорының орынбасары Г.Вълчев, Елші Т. Ізбастин, ҚХР Елшісі Д.Сяодзюн, Корея Республикасының елшісі Л.Хо Шик, Моңғолия елшісі Л.Саянаа, сондай-ақ Болгария Журналистер одағының төрағасы С.Тодорова және Болгария СІМ жанындағы Дипломатиялық институттың директоры Т.Михайлова сөз сөйледі.
Өз сөзінде Елші Т.Ізбастин конференция жұмысына қатысқаны үшін алғыс айтып, профессор А. Федотовтың болгар шығыстану және ғылыми зерттеулер саласындағы жарқын ізін, сондай-ақ оның София университетінің қабырғасында қазақ тілін, тарихы мен мәдениетін дамытуға және оқытуға қосқан үлесін атап өтті.
Конференция аясында Шығыс әдебиеті мен мәдениетіне арналған ғылыми секциялар өтті, онда онлайн форматта Үндістан, Италия, Қырғызстан, Корея, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ "Әл-Фараби" атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары қатысты.