Болгарияның сарапшылар қауымдастығы Қазақстандағы конституциялық реформаны жан-жақты қолдайды

Болгарияның сарапшылар қауымдастығы Қазақстандағы конституциялық реформаны жан-жақты қолдайды

София, 2022 жылғы 25 мамыр – Болгария астанасында Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі конституциялық реформа мен жалпыұлттық референдумға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға сарапшылар қауымдастығының, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың және болгар БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан Елшісі Т.Ізбастин қатысушыларды еліміздің саяси жүйесін жаңғырту жөніндегі реформалар жиынтығымен және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Жаңа Қазақстанды" құру шеңберіндегі ауқымды өзгерістер бағдарламасымен егжей-тегжейлі таныстырып, Ата заңға түзетулер енгізу жөніндегі 2022 жылғы 5 маусымда өтетін жалпыұлттық референдум туралы хабардар етті.

Ресей және ТМД елдерінің халықтарымен достық федерациясының төрағасы З.Захариев ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформаларын құптады. Оның айтуынша, Конституцияға енгізілетін түзетулер «қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыруға серпін береді және елдің сот және құқық қорғау жүйелерін жетілдіруге ықпал етеді».

Өз кезегінде, болгариялық жетекші саясаттанушылардың бірі, Варна еркін университетінің профессоры Н.Дюлгерова «реформалар қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында елді дамуындағы жаңа сапалы деңгейіне шығаратын саяси жүйенің ауқымды өзгерістерін айқын көрсетеді» деп қосты.

Болгариялық журналист Г.Вацов «Қ.Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі Конституцияға енгізілген түзетулер аясында өзінің ауқымы бойынша теңдессіз реформаларды жүзеге асыратын жалғыз мемлекет» екенін ерекше атап өтті.

Кездесу соңында болгар сарапшылары жоспарланған реформаларды жүзеге асыруға бағытталған алдағы референдумды сәтті өткізуге және Қазақстан Республикасының одан әрі өркендеуіне тілек білдірді.