
София, 2022 жылғы 13 сәуір - Қазақстан Елшілігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті.
Танымал болгарлық сарапшылар мен журналистердің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Елшісі Т.Ізбастин Мемлекет басшысының наурыз айындағы Жолдауында айтылған және саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға және қоғамды демократияландыруға бағытталған реформалардың мәнін егжей-тегжейлі атап өтті.
Ресей және ТМД елдерінің халықтарымен достық федерациясының төрағасы З.Захариев ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформаларын құптады. Оның айтуынша, олар «саяси жүйені одан әрі трансформациялауға серпін береді және қазақстандық қоғамды шоғырландыруға бағытталған».
Өз кезегінде, Болгариялық жетекші саясаттанушылардың бірі, Варна еркін университетінің профессоры Н.Дулгерова «жүргізіліп жатқан реформалар мемлекеттік құрылымдағы ауқымды өзгерістерді және қоғамды демократияландыруды айқын көрсетеді» деп қосты.
Болгарлық журналист Г.Вацов ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан БАҚ туралы заң жобасының негізінде «демократия, адам құқықтарын қорғау және БАҚ бостандығы қағидаттары жатыр» деп атап өтті.
Кездесу соңында болгар сарапшылары жоспарланған реформаларды жүзеге асыруда табыс және одан әрі өркендеу тіледі.