
2022 жылғы 16 наурызда Қазақстанның Болгариядағы Елшілігі София Техникалық университетімен бірлесіп «Наурыз» халықаралық мерекесін және Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығын «Наурыз» және Роза Бағланова туралы деректі фильмдердің көрсетілімімен атап өтті.
Іс-шараға Елшілік пен София Техникалық университетінің өкілдерімен бірге Қазақстан достары клубының мүшелері, журналистер, болгар мәдениеті саласының өкілдері және Болгарияда тұратын Қазақстан азаматтары қатысты.
Іс-шара барысында София Техникалық университетінің проректоры Л.Димитров кіріспе сөз сөйлеп, «Наурыз» мерекесінің маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті.
Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі Т.Ізбастин қатысушыларға «Наурыз» мерекесінің дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын түсіндіріп, әлемге әйгілі қазақ әншісі Роза Бағланова жөнінде айтып берді.
Іс-шараның маңызды аспектісі ретінде «Наурыз» және Роза Бағланова туралы деректі фильмдердің көрсетілімі болды.
Іс-шара соңында қонақтар «Наурыз көже» дәстүрлі сорпасымен және Болгарияда тұратын Қазақстан азаматтары дайындаған басқа да ұлттық тағамдармен танысты.