
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жасады.
Президент жуық арада жүзеге асырылатын ауқымды саяси реформалар мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларды жариялады.
Ауқымды саяси реформалар еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге де қатысты болмақ. Президент Абай және Ұлытау облыстарын құруды ұсынды. Бұл облыстардың орталықтары Семей және Жезқазған қалалары болады. Мемлекет басшысы Алматы облысын екіге бөлу жөніндегі шешімін айтты.
Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған бастамалар еліміздің саяси жүйесін және әкімшілік-аумақтық құрылымын барынша өзгертуге бағытталған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, аталған бастамаларды іске асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгертулер енгізіледі.