
2021 жылғы 27 тамызда София қаласындағы «Астана» көшесінде орналасқан "Жер және адамдар" мұражайында Қазақстанның Болгариядағы Елшілігі Семей ядролық полигонының жабылуының 30-жылдығына арналған тақырыптық брифинг өткізді. Бұл іс-шараға болгар жұртшылығының, сарапшылар тобының және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Брифинг барысында ҚР Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жабу туралы тарихи шешімінің негізгі кезеңдері және Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құруға бағытталған ядролық қаруға қарсы бастамалары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, еліміздің күш-жігерінің арқасында 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні болып жарияланды. «АТОМ» жобасы аясында да ынтымақтастық белсенді дамып келеді.
Брифингтің қатысушылары Қазақстанның әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысы болып табылатыны жөнінде ортақ пікір білдірді. Атап айтқанда, "Жер және адамдар" мұражайының директоры Светлана Енчева өткізілген іс-шараға қолдау білдіріп, әлемдік қоғамдастық Қазақстанның "ұлы және дұрыс шешімі туралы" жақсы білетінін мәлімдеді.
Брифинг аясында ҚР Болгариядағы Елшілігінің бастамасымен тақырыптық фотокөрме ұйымдастырылды. Көрмеде полигондағы сынақ кезінде түсірілген тарихи фотосуреттер, «Невада – Семей» антиядролық халық қозғалысы туралы баяндайтын суреттер, сондай-ақ Семей полигонының жабылғанын куәландыратын мұрағаттан алынған құжаттар ұсынылды.