2020 жылғы 3 желтоқсанда Болгария Парламентінің ғимаратында Қазақстанның Елшісі Т.Ізбастиннің Болгария Парламентінің вице-спикері К.Вигенинмен кездесуі өткізілді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Болгария арасындағы парламентаралық қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Қазақстан Елшісі вице-спикерді республикамызда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси реформалармен, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауының маңызды аспекттерімен, сондай-ақ 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Қазақстан Парламенті Мәжілісіне кезекті сайлаудың алдындағы науқан барысымен және оның ерекшеліктерімен таныстырды.
Өз кезегінде К.Вигенин екі елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануынан кейінгі Қазақстан мен Болгария арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде парламентаралық диалог арқылы жандандыру шараларын жақтады.
Соңында Қазақстан Республикасының Елшісі Президенті Қ.Тоқаевтыңтың Қазақстан халқына 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауының брошюрасын, профессор Ж.Алтаевтың болгар тіліне аударылған әл-Фараби туралы жаңадан шыққан кітапті және Абайдың «Қара сөздер» болгар тіліндегі кітабын, сондай-ақ Әбу Наср Әл-Фарабидің 1150-жылдығына және Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына арналған пошталық маркаларды вице-спикерге табыстады.