2020 жылғы 19 қарашада Болгария Халық жиналысының ғимаратында түркі философы Әбу Наср Әл-Фарабидің 1150-жылдығына және Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына арналған марканы шығару салтанатты рәсімі өтті.
Пошталық марканы шығару жобасы Қазақстанның Софиядағы Елшілігінің бастамасымен «Болгарияның поштасы» ақционерлік қоғамы жүзеге асырды.
Іс-шараға Қазақстанның Софиядағы Елшілігінің өкілдерімен қатар Парламент төрайымы Ц.Караянчева, «Қазақстанмен достық үшін» парламентік тобының төрайымы Д.Дариткова, Сыртқы істер министрінің орынбасары М.Люцканов, Көлік министрінің орынбасары А.Атанасова (маркаларды шығару мәселелеріне жетекшілік ететін министр орынбасары), «Болгарияның поштасы» ақционерлік қоғамының Бас директоры Д.Дынешки, сондай-ақ әр түрлі саяси партиялардан Халық жиналысының депутаттары қатысты.
Болгария Парламентінің төрайымы Ц.Караянчева өз сөзінде Қазақстан мен Болгария арасындағы жақсы дамып келе жатқан қатынастарды атап өтіп, бүгінгі іс-шара екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың тағы бір мүмкіндігі болғанын хабарлады. Сонымен бірге, ол ҚР Елшілігіне аталған ұлы тұлғалармен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.
Жалпы, өткізілген іс-шара болгар аудиториясын Қазақстан халқының мәдени мұрасы мен рухани байлығымен таныстыруға жақсы мүмкіндік ұсынды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ж.Алтаевтың болгар тіліне аударылған әл-Фараби туралы жаңадан шыққан кітаптың тұсаукесері өтті.
Соңында Қазақстан Республикасының Елшісі аталған жаңа кітапті және Абайдың «Қара сөздер» болгар тіліндегі кітабын, сондай-ақ «Құнанбай» фильмімен (болгар тілінде) DVD-дисклерді болгар тарапына табыстады.