
2020 жылғы 5 қарашада Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.
Отырыста саяси партияларды партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының және мәслихаттар депутаттарының сайлауына қатысуға жіберу туралы мәселе қаралды.
Әділет министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Республикасында 6 саяси партия тіркелген және барлығы жұмыс жасауда. Бүгінгі күні барлық саяси партиялар заңнамалық тәртіппен әрекет етеді, уәкілетті органдарда саяси партияларды қайта ұйымдастыру немесе тарату бойынша құқықтық негіздер жоқ.
Осылайша, Ортсайлауком отырысында «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына, «Бірлік» саяси партиясына, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға, Қазақстанның Коммунистік халық партиясына және «Nur Otan» партиясына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысуға рұқсат беру туралы 6 Қаулы қабылданды.
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын ұсыну 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 30 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 18-де аяқталатынын хабарлады. Мәслихаттар депутаттарын ұсыну 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 4 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18-де аяқталады.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді.