
Шанхай, 18 наурыз 2024 жыл – Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов Чжэцзян провинциясындағы Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті (ҚХСЖК) және Чжэцзян провинциясындағы Қытайдың халықаралық сауда палатасы Төрағасының орынбасары Ин Гуохуамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның мүдделі өңірлері мен Чжэцзян провинциясы арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ 2024 жылы түрлі бірлескен сауда-инвестициялық іс-шараларды өткізу перспективаларын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның Шанхай қаласындағы Бас консулдығы мен Чжэцзян провинциясындағы ҚХСЖК арасындағы байланыстарды жандандыруға келісті.
Чжэцзян провинциясындағы ҚХСЖК қызметінің негізгі бағыттары Чжэцзян провинциясының шет елдермен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын ілгерілету, сондай-ақ сауда, инвестициялар және арбитраж салаларындағы Қытай және шетелдік кәсіпорындарға жәрдемдесу болып табылады.