Ляньюньганда 2-ші Қазақстан-Қытай кәсіпкерлер форумы өтті

Ляньюньганда 2-ші Қазақстан-Қытай кәсіпкерлер форумы өтті

Ляньюньган, 31 тамыз 2023 жыл – Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және көліктік-логистикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту мақсатында, 8-ші Қытай (Ляньюньган) Жібек жолы халықаралық логистикалық көрмесі шеңберінде (2023 жылғы 31 тамыз – 2 қыркүйек) Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығы мен Ляньюньган қ. (Цзянсу пров.) Қытай халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетімен (ЛҚХСЖК), Цзянсу пров. Халықаралық сауда палатасы (ЦХСП) және Ляньюньган қаласының Халық үкіметімен бірлесіп 2-ші Қазақстан-Қытай (Цзянсу пров.) кәсіпкерлер форумын өткізді.

Форум барысында Ляньюньган қаласы Халық үкіметінің әртүрлі сауда-экономикалық ведомстволарының және ЛҚХСЖК мен ЦХСП салалық сервистік орталықтарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ көлік, сыртқы сауда, инвестициялар, ауыл шаруашылығы салаларындағы 6 Қазақстандық компания және 30-дан астам Қытайдың көлік-логистикалық, сауда және агроөнеркәсіптік кәсіпорындары қатысты.

2-ші Қазақстан-Қытай (Цзянсу пров.) кәсіпкерлер форумына  Түркістан облысының, Жетісу облысының және «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭЗ – ның сауда, инвестициялық және көліктік-логистикалық мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар, «Air Astana», «ҚТЖ», «QazTrade» және «Kazakh Invest» ұлттық компанияларының өкілдері форум қатысушыларын өз қызметімен және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларымен таныстырды.

Жалпы, форум барысында тараптар Қазақстан мен Қытайдың іскер топтары арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық өзара іс-қимылды кеңейтудің түрлі бағыттарын талқылады. Бұл ретте, форумға қатысқан қытайлық компаниялар өкілдерінің көпшілігі Қазақстанның мүдделі кәсіпорындарымен өзара тиімді іскерлік байланыстарды нығайтуға зор қызығушылық танытты, сондай-ақ болашақта осындай форумдардың көбірек ұйымдастырылуына үміт білдірді.