
Шанхай, 2022 жылғы 12 желтоқсан – Қазақстан-Қытай ғылыми-білім беру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатында Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов Шығыс Қытай педагогикалық университетінің (ШҚПУ) Халықаралық қатынастар және өңірлік даму институтының, сондай-ақ Қазақстанды зерттеу орталығының (ҚЗО) директоры Лю Цзюньмен және ШҚПУ ҚЗО атқарушы директоры Ван Хайянмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар білім және ғылым салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ бірлескен ғылыми-білім іс-шараларын өткізу перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен Қазақстанның Шанхайдағы Бас Консулдығы атынан Қазақстанның табиғи және мәдени көрікті жерлерін көрсететін түрлі кітаптар, журналдар мен фотоальбомдар Шығыс Қытай педагогикалық университетіндегі Қазақстанды зерттеу орталығының кітап қорына берілді.
Кездесу соңында тараптар Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығы мен Шығыс Қытай педагогикалық университеті арасында, 2023 жылы бірлескен ғылыми-білім беру іс-шараларын өткізу мәселелері бойынша тығыз байланыста болуға келісті.
Шығыс Қытай педагогикалық университеті 1951 жылы құрылған және Қытайдағы ең ірі мемлекеттік оқу орындарының бірі болып табылады. Бұл университеттің құрамына әртүрлі факультеттер, мектептер, колледждер, ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар мен зертханалар кіреді. Сонымен қатар, бұл университетте бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары аясында әртүрлі гуманитарлық және техникалық мамандықтар оқытылады.
ШҚПУ Қазақстанды зерттеу орталығы Қазақстан-Қытай қатынастарын зерделеу, сондай-ақ түрлі ғылыми-білім іс-шараларын өткізу мәселелерімен айналысатын Қытайдың маңызды ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі болып табылады.