Халықаралық онлайн-форум барысында Қазақстан-Қытай қатынастарын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды

Халықаралық онлайн-форум барысында Қазақстан-Қытай қатынастарын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды

Шанхай, 2022 жылғы 12 қараша – Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі кеңейту шеңберінде Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов Чжэцзян қаржы-экономикалық университеті ұйымдастырған 5-ші Қазақстан-Қытай әлеуметтік-экономикалық зерттеулер онлайн-форумының жұмысына қатысты.

Аталған форумның пленарлық отырысы барысында Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің, Қытайдың Қазақстандағы Елшілігінің, Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығының және Чжэцзян қаржы-экономикалық университетінің өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Өз кезегінде, екіжақты өзара іс-қимылдың әртүрлі бағыттарын дамыту мәселелері бойынша Чжэцзян провинциясының мемлекеттік органдарының, сондай-ақ Қазақстан, Қытай және Ресей университеттерінің, ғылыми-зерттеу орталықтарының, қоғамдық ұйымдары мен кәсіпорындарының өкілдері ғылыми баяндамалар жасады.

Жалпы, бұл іс-шара жылы және достық атмосферада өтті, оның барысында форумға қатысушылар Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға байланысты кең ауқымды мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасты.

Чжэцзян қаржы-экономикалық университеті (ЧҚЭУ) 1974 жылы құрылған және Қытайдың жетекші мемлекеттік көпсалалы оқу орындарының бірі болып табылады. ЧҚЭУ негізінен қаржы, экономика, бизнес және инженерлік ғылымдар салаларында маманданған.

ЧҚЭУ-де Чжэцзян провинциясының маңызды ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығы (2018 жылы құрылған) жұмыс істейді. Өз кезегінде, аталған орталық Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық қатынастарын зерттеу мәселелерімен айналысады.