Қазақстанның Шанхайдағы достар клубы өзінің бірінші отырысын өткізді

Қазақстанның Шанхайдағы достар клубы өзінің бірінші  отырысын өткізді

Шанхай, 2022 жылғы 3 қараша – Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын мерекелеу шеңберінде, сондай-ақ Қазақстан-Қытай ғылыми-білім беру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатында ҚР Бас консулдығы Шанхай қаласында Қазақстанның Шанхайдағы достар клубының бірінші отырысын өткізді.

Аталған іс-шара барысында Шанхайдың түрлі мемлекеттік органдарының, сондай-ақ Шанхай қаласы мен Чжэцзян провинциясының жетекші ғылыми-зерттеу орталықтары мен университеттерінің басшылары мен өкілдері Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады.

Қазақстанның Шанхайдағы достар клубының алғашқы отырысы кезінде ҚР-дың Шанхай қаласындағы Бас консулы Рахымжан Рахимов, Шанхай қ. Халық үкіметінің Сыртқы істер кеңсесі басшысының орынбасары Фу Цзихун және ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігінің кеңесшісі Бағлан Жолдахмет құттықтау сөз сөйледі.

Сонымен қатар, аталған іс-шара барысында Шанхай халықаралық зерттеулер академиясының, Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясының, Шанхай саяси ғылымдар және құқық университетінің, Чжэцзян экономика және қаржы университетінің, Шанхай шет тілдер университетінің және Шығыс Қытай педагогикалық университетінің танымал ғалымдары мен сарапшылары сөз сөйледі.

Жалпы, Қазақстанның Шанхайдағы достар клубының бірінші отырысы жылы және достық атмосферада өтті, оның барысында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын одан әрі дамытуға байланысты көптеген мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті. Сонымен қатар, аталған іс-шараға қатысушылар Қазақстанның Шанхайдағы достар клубының отырыстарын тұрақты түрде өткізудің маңыздылығын атап өтті.