
ЧЖЭЦЗЯН, 2019 жылғы 13 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Шанхай қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығының және «Ел тірегі» қауымдастығы жанындағы «Silk way» экспорттық орталығының қолдауымен Иву қаласындағы (ҚХР, Чжэцзян провинциясы) Қытайлық халықаралық импорттық азық-түлік қалашығында Қазақстанның ұлттық павильонының салтанатты ашылуы өтті. Павильонда қазақстандық өнімдер маркалары – «Пионер» ұны, «Аян», «Султан», «Корона» макарондары, «Рахат», «Баян сулу» конфеттері, «А-продукт» өнімдері, «Кокшетау минводы» суы, «Dala» табиғи шырындары, ҚР ШҚО-дан балдың жеті түрі және Атырау облысынан «Caspi Lana» түйе жүні көрпесі таныстырылды.
Іс-шараға Иву қаласының жергілікті әкімшілігінің, Чжэцзян провинциясының Кәсіпкерлік басқармасының, Халықаралық импорттық тауарлар орталығының өкілдері, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар, келіссөздер жүргізу үшін Чжэцзян, Ганьсу провинцияларының, Нинбо қаласының және Тайваньның жеке кәсіпкерлері, ритейлерлік компанияларының өкілдері және онлайн платформаларының иелері келді.
Жалпы, іс-шараға қатысушылар қазақстандық өнімге жоғары қызығушылық таныта отырып, олардың жоғары сапасын атап өтті. Бұл тиісті келісімдерге қол қойған ритейлерлік компаниялардың өз провинцияларының белгілі бір округтерінде қазақстандық өнімнің дистрибьюторы болуға деген ниеттерімен дәлелденді.
Павильонды ашудың негізгі мақсаты – экспортты ұлғайту мақсатында ҚХР-да қазақстандық өнімді танымал ету. Қазіргі уақытта «Ел тірегі» қауымдастығы ҚР-дың Шанхай қаласындағы Бас консулдығымен бірлесіп бәсекелестік баға саясатын ілгерілету мақсатында қазақстандық өнімнің жеткізілу құнын арзандату бойынша логистикалық және брокерлік компаниялармен жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта Қытай аумағында қазақстандық тауарлар дүкендерінің желілерін кеңейту жұмыстары жалғасады деп күтілуде.