
Шанхай – Бейжің – Нұр-Сұлтан – Алматы, 2021 жылғы 27 желтоқсан – Қазақстан-Қытай ғылыми ынтымақтастығын одан әрі дамыту және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде 2021 жылғы 27 желтоқсанда «Қазақстан мен Қытай: достық, тату көршілік және ынтымақтастық жолындағы 30 жыл» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы онлайн режимде өтті.
Аталған іс-шараны ҚР СІМ жанындағы «Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ (ҚР СІМ жанындағы ССЗИ), Шанхай халықаралық зерттеулер академиясы (ШХЗА) және Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығы ұйымдастырды.
Конференцияның пленарлық отырысы барысында ҚР СІМ жанындағы ССЗИ Басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев, ШХЗА Президенті Чэнь Дунсяо, Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев және Қытайдың Қазақстандағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Цзяо Хуайсин құттықтау сөз сөйледі.
ҚР СІМ жанындағы ССЗИ Басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев өз сөзінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынастары басынан бастап ізгі ниет пен өзара сенім рухында дамығанын атап өтті.
Сонымен қатар, ШХЗА Президенті Чэнь Дунсяо Қазақстан Қытайдың маңызды көршісі және жан-жақты стратегиялық әріптесі болып табылатынын атап өтті. Бұл ретте, өткен 30 жыл ішінде Қазақстан-Қытай өзара іс-қимылының барлық саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді.
Өз кезегінде, Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев тату көршілік, өзара сенім мен өзара тиімділік рухында дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастықтың 30 жылы ішінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткенін атап өтті. Қарым-қатынастың мұндай теңдессіз жоғары деңгейіне, ең алдымен, тараптардың саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттарда, оның ішінде өзара іс-қимылдың әртүрлі деңгейлік тетіктерінің тармақталған жүйесі арқылы үйлестірілетін тығыз кооперациясы арқасында қол жеткізілді.
Қытайдың Қазақстандағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Цзяо Хуайсин өз сөзінде өткен 30 жыл ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай табыстарға жеткенін атап өтті. Сонымен қатар, екіжақты саяси қатынастардың деңгейі жақсарып келе жатқанын және өзара сенім тереңдей түсуде екенін айтты.
Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелеріне арналған конференцияның екі панельдік сессиясын өткізу кезінде ҚР СІМ жанындағы ССЗИ, ШХЗА, Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясының, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының, Шанхай шет тілдер университетінің, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының, ҚХР Коммерция министрлігі жанындағы Қытай халықаралық сауда және экономикалық ынтымақтастық академиясының, «Kazakh Invest» АҚ-ның ҚХР-дағы өкілдігі және Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығының өкілдері сөз сөйледі.
Жылы және достық атмосферада өткен пікірталас барысында екі елдің «ақыл орталықтарының» сарапшылары екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға байланысты кең ауқымды мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасты. Сонымен қатар, тараптар мұндай іс-шараларды тұрақты негізде өткізудің маңыздылығын атап өтті.