4-ші Қытай халықаралық импорттық көрмесінде Қазақстан павильоны ашылды

4-ші Қытай халықаралық импорттық көрмесінде Қазақстан павильоны ашылды

Шанхай, 2021 жылғы 5 қараша – 4-ші Қытай халықаралық импорттық көрмесінің шеңберінде Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі (СИМ) мен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырған Қазақстан павильонының ашылу салтанаты өтті.

Іс-шарада ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов (бейне жолдау форматында), ҚР-дың Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов, ҚХР Коммерция министрлігі Еуразия департаменті Директорының орынбасары Лю Цзюнь, Мемлекеттік көрме және конференц-орталығының (Шанхай қ.) Президенті Тан Гуйфа және «PricewaterhouseCoopers Shanghai» компаниясының Аға менеджері Фэн Чэньчэнь құттықтау сөз сөйледі.

Павильонға келушілер ҚХР Бас кеден басқармасының тізілімінде тұрған және «PricewaterhouseCoopers» компаниясымен әріптестікте 2020 жылы іске қосылған ҚР СИМ Экспорттық акселерациясы бағдарламасы бойынша дайындықтан өткен 26 қазақстандық кәсіпорынның сүт, кондитерлік, ұн, жеміс-көкөніс, май, ет, бал, алкоголь және алкогольсіз өнімдерінің кең ассортиментімен таныса алады.

Жылы және достық атмосферада өткен павильонның ашылу салтанатына ҚХР Коммерция министрлігінің, Қытайдың Шанхай қаласындағы Халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі комитеттің, Цзянсу, Фуцзянь, Цзянси провинцияларының коммерция департаменттерінің, Шанхайда аккредиттелген шетелдік бас консулдықтардың, сондай-ақ іскер топтар мен БАҚ өкілдері қатысты. Қытайлық мемлекеттік органдар мен компаниялар Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қызығушылық білдірді.

4-ші Қытай халықаралық импорттық көрмесі Мемлекеттік көрме және конференц-орталығында (Шанхай қ.) 2021 жылдың 5-10 қарашасы аралығында өтуде. Оның аясында Ұлттық көрме (онлайн режимде), Коммерциялық көрме және 4-ші «Хунцяо» халықаралық экономикалық форумы өтуде. Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, көрмеге әлемнің 127 елі мен өңірінен 3 мыңнан астам компаниялар қатысуда.