Ляньюньган, 2021 жылғы 18-19 қазан – Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында, 7-ші Қытай (Ляньюньган) Жібек жолы халықаралық логистикалық көрмесі (2021 жылғы 18-20 қазан) шеңберінде Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің Кәсіпкерлер форумы (Форум) және «Ляньюньган – Каспий теңізі жеткізілімдерінің біріктірілген тізбегі» Симпозиумы (Симпозиум) өтті.
Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің Кәсіпкерлер форумының (2021 ж. 18 қазан) ұйымдастырушылары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығы және «Kazakh Invest» АҚ, сондай-ақ Цзянсу провинциясының Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті (ХСЖК), Халықаралық сауда палатасы және Ляньюньган қаласының (Цзянсу провинциясы) Халық үкіметі болды.
Форумның ашылу салтанатында ХСЖК Бас хатшысы Юй Цзянлун, Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесінің Ляньюньган қалалық комитетінің төрағасы Ван Цзяпэй, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның Инвестициялар, жекешелендіру және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Басқарушы директоры Е.Жанәділ (онлайн режимде), Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Р.Рахимов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ж.Темірғали (онлайн режимде) және Цзянсу провинциясындағы ХСЖК төрағасының орынбасары Цун Суфэн сөз сөйледі.
Форум барысында Қазақстан мен Цзянсу провинциясының іскер топтары арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Аталған іс-шараның жұмысына Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен ұйымдарының, сондай-ақ іскер топтарының 60-тан астам өкілдері қатысты.
Форум қорытындысы бойынша «Kazakh Invest» АҚ мен Цзянсу провинциясындағы ХСЖК арасында, сондай-ақ Kazakh Invest» АҚ мен Ляньюньган қаласындағы ХСЖК арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Цзянсу провинциясындағы ХСЖК Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі шеңберіндегі ынтымақтастық жөнінде бірлескен бастаманы қабылдады.
Өз кезегінде, «Ляньюньган – Каспий теңізі жеткізілімдерінің біріктірілген тізбегі» симпозиумының ұйымдастырушылары (2021 ж. 19 қазан) Цзянсу провинциясының Халықаралық сауда палатасы, «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ және Ляньюньган экономикалық және технологиялық даму аймағының Басқарушы комитеті болды.
Симпозиумның ашылу салтанатында Ляньюньган қаласы Халық үкіметі Төрағасының орынбасары Гао Мэйфэн, Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Р.Рахимов, Цзянсу провинциясындағы ХСЖК Төрағасының орынбасары Цун Суфэн, «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ Басқарма төрағасы А.Кабашев (онлайн режимде) және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ҚХР-дағы Өкілдігінің Басшысы И.Байтасов сөз сөйледі.
Аталған іс-шара шеңберінде Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық өзара іс-қимылының келешегі талқыланды.
Симпозиум жұмысына Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, ГФР және Италияның көлік, логистика, халықаралық сауда, ауыл шаруашылығы, қаржы, мұнай-химия, халық тұтынатын тауарлар өндірісі және тұрмыстық электр техникасы және т.б. салалардағы 140-тан астам компания қатысты.
Жалпы, Форум мен Симпозиум барысында Қытай ұйымдары мен компанияларының өкілдері Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастыққа нақты қызығушылық танытты және келешекте осындай іс-шаралардың көбірек ұйымдастырылуына үміт білдірді.