Ханчжоу, 2021 жылғы 3 тамыз – Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қытайдың маңызды инновациялық, сауда, өнеркәсіптік және көліктік-логистикалық орталықтарының бірі болып табылатын Чжэцзян провинциясына жұмыс сапарымен барды.
Ханчжоуда Қазақстанның Бас консулы Чжэцзян провинциясы Халық Үкіметі Сыртқы істер басқармасы басшысының орынбасары Гу Цзяньсиньмен және Чжэцзян провинциясының Қытай халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі комитетінің төрағасы Чэнь Цзуняомен кездесулер өткізді. Аталған кездесулер барысында Қазақстан мен Чжэцзян провинциясы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Бұдан басқа, «Alibaba Group», «Geely Automobile International Corporation» және «Hikvision Digital Technology Co., Ltd.» компанияларының басшылығымен кездесулер өткізілді, олардың барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.