
Нинбо, 2021 жылғы 25 мамыр – Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық өзара іс-қимылды жандандыру мақсатында Қытайдың ірі көліктік-логистикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі болып табылатын Нинбо қаласына (Чжэцзян провинциясы) барып қайтты.
Нинбо қаласында болу барысында Қазақстанның Бас консулы Нинбо қаласының Халық үкіметінің Төрағасы Цю Дуняоның Шанхайда аккредиттелген Азияның 15 елінің бас консулдарымен және консулдарымен ұжымдық кездесуіне қатысты. Аталған іс-шара барысында тараптар Азия елдері мен Нинбо қаласы арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық, инвестициялық, көліктік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Бұдан өзге, Нинбо қаласына сапары аясында Қазақстанның Бас консулы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойында орналасқан Азия елдеріне көзқарас» атты көрменің ашылу салтанатына қатысты, сондай-ақ «Мэйшань» халықаралық көліктік-логистикалық орталығында болды.