GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Елшілік туралы
Байланыс ақпарат
Все материалы
20 октября 2026
Қазақстан Елшісі Kia Corporation президентімен кездесті

Сеул, 2026 жылғы 20 қазан – Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асет Исенали Kia Corporation компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Сон Хо Сонмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар автокөлік өнеркәсібі саласындағы қазақ-корей ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны әрі қарай дамыту әлеуетін, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту және өнеркәсіптік кооперацияны нығайту мәселелерін талқылады.

Kia компаниясының Қазақстандағы өндірісін одан әрі дамытуға, оны жергіліктендіру деңгейін арттыруға, озық технологияларды тартуға және қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Елші Kia Corporation компаниясының Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтіп, қазақстандық тараптың компаниямен ұзақ мерзімді әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Сұхбаттастар сондай-ақ жаңа бірлескен бастамаларды іске асыру, технологиялық ынтымақтастықты дамыту және Қазақстанның Орталық Азиядағы перспективалы өндірістік әрі инвестициялық алаң ретіндегі әлеуетін пайдалану мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында сындарлы диалогты жалғастыруға және тығыз байланыста болуға дайын екендерін растады.

02 октября 2026
Оңтүстік Кореяның технологиялық астанасы Тэджонда Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Тэджон, 2026 жылғы 2 қазан – Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали Тэджон қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының ашылу салтанатына қатысты.

Қазақстанның Құрметті консулы болып оңтүстіккореялық CONTEC ғарыш компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы, доктор Ли Сон Хи (Lee Sunghee) тағайындалды.

Қазақстандық дипломат Құрметті консулдықтың ашылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына жуырда жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары аясында ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сапар нәтижесінде екіжақты қатынастар «Болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілді.

А. Исенали жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардан кейін Қазақстан тарапының негізгі назары оларды жүзеге асыруға – жаңа корей инвестициялары мен технологияларын тартуға, өнеркәсіптік кооперацияны, ғылым мен инновацияларды дамытуға, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.

Осы орайда Құрметті консулдық экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты ілгерілетудің, қазақстандық және корей компанияларына қолдау көрсетудің, жаңа іскерлік байланыстар орнатудың және бірлескен жобаларды іске асырудың қосымша практикалық тетігіне айналуға тиіс.

Кездесу барысында ғарыш саласы мен спутниктік технологиялар бағытындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды. Ли Сон Хи ұзақ жылдар бойы Корея аэроғарыштық зерттеулер институтында (KARI) зерттеуші болып жұмыс істеп, 2015 жылы спутниктік жүйелерге, жерүсті инфрақұрылымына, спутниктік деректерді өңдеуге және өзге де ғарыштық технологияларға маманданған CONTEC компаниясын құрды.

CONTEC қазақстандық Ghalam компаниясымен спутниктік технологиялар және Жерді қашықтан зондтау салаларында өзара іс-қимылды дамытуда. Тараптар осы жұмысты одан әрі кеңейтуге жәрдемдесуге және технологиялық әріптестіктің жаңа бағыттарын қарастыруға келісті.

«Құрметті консулдық – жай ғана жаңа кеңсе емес. Ол адамдарды, бизнесті, институттар мен жаңа идеяларды байланыстыратын, елдеріміз арасындағы нақты ынтымақтастық көпіріне айналуға тиіс. Бүгінгі міндетіміз – Қазақстан мен Корея арасындағы қатынастарға берілген жаңа серпінді нақты жобалар мен нәтижелерге ұластыру», – деді А. Исенали.

Елшілік пен Құрметті консулдық тығыз жұмыс байланысын сақтауға, инвестициялық және технологиялық жобаларды бірлесіп ілгерілетуге, сондай-ақ жаңа корей компанияларының Қазақстан нарығына шығуына жәрдемдесуге уағдаласты.

22 сентября 2026
Қазақстан Елшісі Кореяның Орта Кәсіпкерлік Кәсіпорындары Федерациясының Төрағасымен кездесті

Сеул, 2026 жылғы 21 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали Кореяның Орта Кәсіпкерлік Кәсіпорындары Федерациясының (FOMEK) Төрағасы Чой Чжин Шикпен кездесті.

Кездесу Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына жақында болған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі ілгерілету бойынша келіссөздер өтіп, корей бизнес-қоғамдастығымен тікелей өзара іс-қимылды нығайту мәселесі пысықталды.

Тараптар Кореяның жетекші орта кәсіпкерлік кәсіпорындарын Қазақстандағы инвестициялық және өндірістік жобаларды іске асыруға тарту мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар және оларды терең өңдеу, машина жасау және автомобиль компоненттерін өндіру, озық өндірістік технологиялар, цифрландыру және инфрақұрылымдық жобаларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Елші Қазақстанның корей инвестицияларын тартуға ғана емес, өндірісті жергіліктендіруге, технологиялар трансфертіне және елімізде қосылған құны жоғары жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыруға мүдделі екенін атап өтті.

Сондай-ақ FOMEK мүшелері болып табылатын компаниялардың Қазақстан нарығына шығу және елді Орталық Азиядағы өз қызметін кеңейту үшін алаң ретінде пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның Кореядағы Елшілігі мен FOMEK арасында перспективалы корей компанияларын айқындау және олармен Қазақстандағы нақты инвестициялық жобаларды пысықтау мақсатында тікелей жұмыс арнасын жолға қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар нысаналы іскерлік іс-шаралар мен бизнес-миссияларды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру жөнінде келісілді.

FOMEK – Корея Республикасындағы орта кәсіпкерлік кәсіпорындарының мүдделерін білдіретін елдегі жалғыз мамандандырылған экономикалық ұйым. Федерация 6474 компанияның басын біріктіреді. Оның мүшелері Кореяның өнеркәсіптік өндірісінің, экспорты мен инвестицияларының елеулі бөлігін қамтамасыз етеді.

22 сентября 2026
Қазақстан мен GGGI Қабылдаушы ел туралы келісімге қол қойды

Сеул, 2026 жылғы 21 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жасыл өсімнің жаһандық институты (GGGI) арасында Қабылдаушы ел туралы келісімге (Host Country Agreement) қол қою рәсімі өтті.

Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан құжатқа Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали, ал GGGI тарапынан Атқарушы директор Ким Сан Хёп қол қойды.

Келісімге қол қою Қазақстан мен GGGI арасындағы серіктестікті дамытудағы маңызды белеске айналып, жасыл өсім және орнықты даму салаларындағы практикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашады.

Қазақстан 2022 жылдан бері GGGI-дің мүше мемлекеті болып табылады. Осы уақыт ішінде тараптар арасындағы ынтымақтастық жасыл экономика, климаттық саясат, орнықты даму және инвестициялар тарту мәселелерін қамти отырып, дәйекті түрде кеңейіп келеді.

Елші аталған Келісім GGGI-дің Қазақстандағы қатысуын нығайтуға және нақты әрі инвестициялық тұрғыдан тартымды жобаларды әзірлеу арқылы жасыл өсім саласындағы ортақ басымдықтарды іске асыруға ықпал ететінін атап өтті.

Ол таза энергетика және сутегі, су ресурстарын басқару, жасыл қаржыландыру, төмен көміртекті және климаттық өзгерістерге төзімді қалалық даму, сондай-ақ орнықты даму мақсатында жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану секілді бағыттардағы ынтымақтастықтың келешегі зор екенін жеткізді.

«Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның жасыл экономикаға көшуіне ықпал ететін және нақты экономикалық әрі экологиялық нәтижелерді қамтамасыз ететін жобаларды іске асыру үшін сараптамалық әлеуетті, технологиялар мен инвестицияларды жұмылдыру», – деді Елші.

GGGI Атқарушы директоры Ким Сан Хёп Келісім Қазақстан мен Институт арасындағы серіктестіктің келесі кезеңі үшін маңызды негіз қалыптастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, GGGI келесі жылдың өзінде Қазақстанда елдік кеңсе ашуды жоспарлап отыр және Қазақстанды Институттың Орталық Азиядағы өзара іс-қимылын кеңейтетін маңызды орталық ретінде қарастырады.

Ол сондай-ақ Қазақстанның Елшілігі мен Үкіметіне көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, GGGI серіктестікті нақты жобаларға, инвестицияларға және жасыл өсім саласындағы практикалық нәтижелерге айналдыруға дайын екенін атап өтті.

Келісім GGGI-дің Қазақстандағы қызметін кеңейтуге, мемлекеттік органдармен және халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ жасыл өсім жобаларына инвестициялар тартуға қосымша жағдай жасайды деп күтілуде.

10 сентября 2026
Сеулде Қазақстан киносының фестивалі өтеді

2026 жылғы 15 қыркүйекте Сеул қаласында Қазақстан киносының фестивалі өтеді. Көрермендерге қазақстандық кинематографияның заманауи және тарихи туындылары ұсынылады.

Фестиваль бағдарламасы:

* 10:00 - «Алматы, мен сені сүйемін!»
* 12:30 - «Паралимпиадашы»
* 15:00 - «Томирис»

Фильмдер қазақ тілінде, корей тіліндегі субтитрлермен көрсетіледі.

Кіру тегін.

Өтетін орны: Сеул қ., Чун-гу ауданы, Тхэгеро көшесі, 387 (Хынъин-дон, 131).

Баршаңызды Қазақстан киносының бай әлемімен жақынырақ танысуға шақырамыз!

10 сентября 2026
Сеулде «Kazakhstan-Korea Cultural Village» мәдени іс-шарасы өтеді

2026 жылғы 16 қыркүйекте Сеул қаласындағы Ёыйдо саябағында Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында «Kazakhstan-Korea Cultural Village» атты арнайы мәдени іс-шара өтеді.

Іс-шара Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрлері мен өнерін кеңінен таныстыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Корея халықтары арасындағы достық және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Қонақтар қазақтың дәстүрлі музыкасы мен би өнерін, ұлттық қолөнерін, заманауи цифрлық мәдени жобаларды тамашалап, Қазақстан және Корея өнерпаздарының арнайы концерттік бағдарламасына қатыса алады.

📅 Күні: 2026 жылғы 16 қыркүйек
🕚 Уақыты: 11:00-15:00
📍 Өтетін орны: Ёыйдо саябағы, Сеул
🎟 Кіру тегін

Баршаңызды Қазақстанның мәдениетімен жақынырақ танысып, Қазақстан мен Корея арасындағы достық рухын бірге сезінуге шақырамыз!

Kazakhstan-Korea Cultural Village - мәдени мұра, достық және халықтарды жақындастыратын ортақ құндылықтар мекені.

10 сентября 2026
Қазақстан-Корея мәдени ауылы: ULYTAU этно-рок тобының концерті

Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі баршаңызды «Kazakhstan-Korea Cultural Village» арнайы мәдени іс-шарасына шақырады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапарына орай ұйымдастырылатын мәдени бағдарлама аясында Қазақстанның танымал ULYTAU этно-рок тобы өнер көрсетеді.

ULYTAU қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын заманауи рок әуенімен үйлестіріп, Ұлы даланың рухын, тарихы мен бай мәдениетін ерекше музыкалық стиль арқылы таныстырады.

Кеш барысында көрермендер ұлттық сарын мен заманауи музыканың үйлесімін сезініп, Қазақстанның бірегей мәдениетімен жақынырақ таныса алады.

16 қыркүйек 2026 жыл
17:00-19:00
Yeouido Hangang Park, Seoul
Кіру тегін. Баршаңызға есік ашық!

Тіркелу және нақты орналасқан жері туралы ақпаратты афишадағы QR-код арқылы алуға болады.

Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен мәдени байланысты бірге атап өтейік!

10 сентября 2026
Қазақстан-Корея мәдени ауылы: мәдениет пен достық тоғысқан мереке
Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі баршаңызды «Kazakhstan-Korea Cultural Village» мәдени іс-шарасына шақырады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылатын бұл мәдени мереке Қазақстан мен Корея халықтарының бай мәдени мұрасын, дәстүрлері мен достығын дәріптеуге арналған.
Бағдарламада танымал қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен ұлттық музыка, классикалық шығармалар мен заманауи туындылар ұсынылады. Қонақтар Ұлы дала мәдениеті мен қазақ халқының бірегей өнерімен жақынырақ таныса алады.
📅 16 қыркүйек 2026 жыл
🕛 12:00-14:00
📍 Yeouido Hangang Park, Seoul
🎟️ Кіру тегін. Баршаңызға есік ашық!
Тіркелу және іс-шараның нақты орналасқан жері туралы ақпаратты афишадағы QR-код арқылы алуға болады.
Қазақстан мен Корея арасындағы достықты бірге атап өтейік!
10 сентября 2026
Хабарлама

Құрметті азаматтар!

Техникалық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты 2026 жылғы 7-18 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінің Консулдық бөлімінде азаматтарды қабылдау және консулдық қызметтер көрсету уақытша шектеледі.

Консулдық бөлімнің толыққанды жұмысы 2026 жылғы 21 қыркүйектен бастап қалпына келтіріледі.

Шұғыл консулдық мәселелер туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының Пусан қаласындағы Бас консулдығына хабарласуыңызды сұраймыз:

Тел.: +82 51 469-7003
E-mail: busan@mfa.kz

Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытқандарыңызға алғыс білдіреміз.

30 августа 2026
Сеулде Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған іс-шара өтті

Сеул, 2026 жылғы 27 тамыз - Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі ядролық қарусыздану, ядролық қаруды таратпау және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне арналған ақпараттық іс-шара өткізді.

Іс-шараға Корея Республикасының сарапшылары қоғамдық-саяси және академиялық топтарының өкілдері қатысты.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали ядролық сынақтардың ауыр зардаптарын бастан өткеріп, әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардың бірінен өз еркімен бас тартқан Қазақстанның қазіргі антиядролық саясатын айтып өтті.

1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы қабылданған тарихи шешімге ерекше назар аударылды. Кейіннен дәл осы күн Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып жарияланды.

Қазақстанның ядролық қаруды таратпау режимін нығайту, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу және ядролық қатерлерді азайту ісін дәйекті түрде қолдап келе жатқаны атап өтілді.

Пікірталас барысында геосаяси шиеленіс пен халықаралық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің күшеюі жағдайында антиядролық күн тәртібінің маңызы арта түсетіні, ал диалог, өзара сенім және дипломатия орнықты бейбітшілікті қамтамасыз етудің баламасыз құралдары болып қалатыны айтылды.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау идеяларын ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалап, еліміздің өз тарихи тәжірибесіне негізделген бірегей моральдық беделін атап өтті.

Іс-шара соңында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні өткеннің қайғылы салдарын еске алумен қатар, мемлекеттерді болашақ ұрпақтың бейбітшілігі мен қауіпсіздігі үшін ортақ жауапкершілікке үндейтіні атап өтілді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары